Қоғам

Петропавлда 6 саябақ салынуда

Қалада абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мамандар 6 бірдей жаңа саябақ салуда. Олардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталмақ. Ал арна тілшілері былтыр Гашек көшесінің бойында тұрғызылған демалыс орнында болып, атқарылған шаруамен танысты.

Бұл – Гашек көшесінің бойында орналасқан аулалардың бірі. Бұрын осы жерде қалың шөп өсіп, қоқыс шашылып жатыпты. Соның салдарынан тұрғындар аяқ алып жүре алмайтынбыз дейді. Көріп тұрғандарыңыздай аталған орын қазір адам танымастай өзгерген. Бүгінде аумақта жас көшеттер мен тұрғындардың серуендеуіне арналған жолақ та бар.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Бұл саябақ осыдан 1 жыл бұрын қолданысқа тапсырылған болатын. Қазіргі күні мына жер тұрғындардың сүйікті орнына айналған. Адамдар күндіз де, түнде де осы маңға тынығуға келеді. Әрі спортсүйер қауым үшін жаттығу құралдары орнатылған.

Алексей Маковеевтің осы ауданда тұрып жатқанына жарты ғасыр өткен. Жасы – 61-де. Зейнетке жақындаған азамат соңғы жылдары саябаққа жиі келемін дейді. Себебі, ол таза ауада дем алып, кешке жақын тренажерлерда бой сергітуді әдетке айналдырыпты. Жалпы, мұнда тынығуға келген тұрғындардың барлығы да атқарылған шаруаға өздерінің оң бағаларын беруде.

Алексей Маковеев – қала тұрғыны:

– Бұрын мұнда қоқыс шашылып жататын. Бірнеше жыл бұрын жинап, орнына саябақ салды. Балалар келіп ойнайтын жақсы жер пайда болды. Әсіресе, кешке қарай халық көп жиналады.

Нина Бочкарева – қала тұрғыны:

– Күйеуім екеуіміз күнде кешке қарай осы орындықтарда отырып демаламыз. Бұл жердің саясы жақсы. Бір әттегені, биыл мұнда шөптер шабылмай жатыр.

Қазіргі уақытта қалада 6 саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Мамандар істі жылдың соңына дейін аяқтамақ.

Бердимурат Баймухан