Қоғам

Облыстық кітапхана қоры 200-ден астам туындымен толықты

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры жыл басынан бері 200-ден астам туындымен толыққан. Өткен аптада бұл құнды дүниелердің бірсыпырасы арнайы ұйымдастырылған көрме барысында БАҚ өкілдеріне таныстырылды.

Сиясы әлі кеуіп үлгермеген еңбектер түрлі бағытта жазылыпты. Олардың әрқайсысын оқырман қауым парақтай отыра ғылыми-танымдық, экономика, психология, менеджмент негіздері бойынша мол мәлімет ала алады. Тағы, әдеби дүниелер де бар. Аталған кітаптар қазақ, шетелдік ақын-жазушылардың қаламынан туған. Облыстық кітапханаға жеткізілген туындылардың әрқайсысы 200-ден астам данамен басылып шыққан.

Жанат Мұхамеджанов – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК қызметкері:

 – Мұның ішіне ғұлама ақын-жазушыларымыз А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтың Абай туралы жазған танымдық шығармалары, ғылыми зерттеулері енгізілген. Абайды терең зерттеп білуге арналған үлкен жинақ деуге болады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында шет тілдерге аударылған кітаптар да толықтырылып отыр. Араб, неміс, француз тілдеріне аударылған кітаптар бар.