Білім

Ел бойынша теңдесі жоқ жоба – Петерфельд селосында

Ел бойынша теңдесі жоқ жоба – Петерфельд селосында. Қызылжар ауданына қарасты елді мекендегі мектеп  мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында инвесторға өтті. “Bilim Foundation» қоғамдық қоры  оқу ошағын әлемдік стандартқа сай өзгертуде. Аталған мақсатқа 250 млн теңге бағыттап отыр. Ерекшелік тек ғимараттың сыртқы және ішкі келбетінде ғана емес, оқыту жүйесінде де болады. Бастысы – ұл-қыздар үшін барлығы тегін.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Петерфельд орта мектебі 1969 жылы бой көтерген. Содан бері бірнеше рет жөндеу көрсе де жағдайы мәз емес. Едені шіріп, шатыры тозып, қабырғаларын көк басқан. Биыл барлығы өзгереді. Әбден ескірген білім ошағымен қоштасқан оқушылар заманауи мектепке оралмақ.

Ғимаратқа кірсең, проблемалар бірден көзге түседі. Жиһаз бен техниканың ескі екені былай тұрсын, электр мен сү жүйесінің өздері жарамсыз күйде. Жарық сымдары тозған. Бір мезетте мектептегі компьютерлерді қосып, жұмыс істеуге келмейді. Қуаты оған шыдамайды. Ал су құбырларының шіріп кеткеніне 20 жылдан асыпты. Себебі, нысан жыл он екі ай судың үстінде тұрады. Ауладағы жағдай да осы. Бұл – қысқы көрініс. Кейін еріген мұз балаларға не алаңқайда ойнауға, не доп тебуге мүмкіндік бермейді. Қайта жаңғырту кезінде барлығы ескерілмек. Шешім – еден астына балшық төсеу, гидроизоляция жасап, нысан алдындағы алаңның деңгейін көтеру. Толығымен құбырларды және электр жүйесін де ауыстыру қарастырылған. Барлығына қаржыны жауапты инвестор – «Bilim Foundation» қоғамдық қоры құйып жатыр. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылуда.

Ерлан Айтмұхамбетов – «Bilim Foundation» қоғамдық қорының президенті:

– Жөндеу жұмыстары мен мектепті жабдықтауға 250 млн теңге құямыз.

Екітілді мектепте 215 оқушы білім алады. Шетінен барлығы дарынды, білімді, өнерге де жақын, спортқа да бейім. Бірақ, осы қасиеттерін дамытатын мүмкіндік жоқ. Спортзал ескі. Оны енді жаңадан тұрғызу көзделуде. Ал акт залын айтсақ, ол нысанда мүлдем болмапты. Олқылықтар жойылады. Концерт пен жиындарды ұйымдастыратын арнайы орын бөлінеді. Тамақтанатын жердің де локациясы сәл өзгереді.

Ерлан Айтмұхамбетов – «Bilim Foundation» қоғамдық қорының президенті:

– Балалардың дағдыларын дамытуға арналған бөлме болады. Даладан кіру үшін бөлек есігі бар.

Осылайша, рекреациялық аймаққа қолжетімділік қысы-жазы болады. Бөлме лего конструкторлары, экрандармен қамтылады. «Bilim Foundation» қоғамдық қорының алып отырған жобасының өзгешелігі де осында. Мектептің келбетін ғана өзгертпей, білім жүйесін де балалардың дамуына бейімдеп жасау. Сабақ емес, оқушылардың қызығушылығы бірінші кезекте болмақ. 10-20 жылдан кейін көптеген мамандықтардың өзектілігі жойылғанда, ұл-қыздар өзгеріске тез үйреніседі. Мақсат – осы, өмірлік дағдыларды дамыту. Жазғы демалыстан кейін есігін айқара ашатын мектепке оралуды оқушылар да асыға күтіп жүр.

Жұлдыз Искакова – Петерфельд орта мектебінің оқушысы:

– Мектепте жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына қуаныштымын. Бізде барлығы ескі болатын.

Мектептегі өзгерістерге ауыл тұрғындары да ырза. Бұл қарапайым білім ошағы емес, ел бойынша теңдесі жоқ жоба – «community school» болады. Нысан елді мекеннің мәдени, спорттық, ақпараттық орталығына айналады. Ағайын үшін отбасы психологы, құқықтық сұрақтар бойынша кеңес беретін заңгер жұмыс істемек.

 

 

 

Эльмира Садвокасова