ТЖ

Балаларын ажал аузынан құтқармақ болған азамат көз жұмды

СҚО-да балаларын ажал аузынан құтқармақ болған 83-ші жылғы азамат көз жұмды. Қайғылы жайт кеше Ғ.Мүсірепов ауданында тіркелді. Дәл осы күні Тимирязев ауданында да төтенше жағдай орын алды. Мұнда орда бұзар 30 жастағы ер адамға ыс тиді. Салдарынан тұрғын мерт болды.

Алғашқы жайт маусымның 7-сі күні Тимирязев ауданының орталығында тіркелді. Мұнда элеватор отқа оранып, 90-шы жылғы азамат иіс тиіп көз жұмды. Бұл оқиға жайлы хабар жергілікті өрт сөндіру бөліміне түскі 2-лер шамасында түсіпті. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалын темекі қалдығынан пайда болған. Дегенмен, бүгінгі күні тілсіз жаудың нақты шығу себебі мен шығын көлемі анықталу үстінде. Жалпы, өткен аптада өңірде 70-тен астам төтенше жағдай орын алыпты.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 – Соның ішінде 7 өрт болды. 63 түрлі – жану. Ол қамыстың, шөптің тұтануынан пайда болған. Сондай-ақ, екі адам көз жұмған.

Келесі оқиға Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ефимовка селосының маңында тіркелді. Бұл жерде Новоишим ауылының тұрғындары демалыстарын отбасымен көңілді өткізбек болған екен. Жанұя мүшелері Есіл өзенінің рұқсат етілмеген жерінде суға түседі. Біраздан кейін қос бала суға батып бара жатады. Мұны әкелері көріп, еш ойланбастан құтқаруға әрекет жасайды. Нәтижесінде жастары 10-нан асқан ұл-қызын аман алып қалады. Алайда, өзі ағынға төтеп бере алмай мерт болған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

 – Азаматтың денесін іздеу шаралары бүгін таңертең жүргізілді. Оған құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Нәтижесінде таңғы 10 шамасында 1983 жылы туылған ер адамның мәйіті табылды.

Бұл – өңірде шомылу маусымы басталғалы тіркеліп отырған 3-ші қайғылы жағдай. Айта кетейік, осы аралықта мамандар шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түспек болған 19 азаматты әкімшілік жауакершілікке тартыпты.

 

 

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы