Қоғам

Жетім көрсең жебей жүр

Жетім көрсең жебей жүр. Қазақ халқы – атам заманнан жетімін жылатпаған ел. Оған Қызылжарда тұратын Баймакишевтер отбасы дәлел. Ерлі-зайыптылар бүгінде 2 бірдей қыздың патронатты тәрбиешісі атанып, өз қамқорлығына алған.

Елубай мен Дина Баймакишевтер осыдан 10 жыл бұрын Екатерина Восипёнокты патронатты тәрбиеге алыпты. Бұл кезде Катя небәрі 6 жаста болған екен. Өзге ұлттың қызы болса да қазақ отбасында тәлім-тәрбие алып жатқан бұрымды қазақ тілін жетік меңгеріп алыпты. Ол қазақ мектебіне барған, қазір оқу орнында да мемлекеттік тілде білім алып жүр. Болашақ мамандығы – музыка пәні мұғалімі.

Екатерина қазақтың қара домбырасынан бөлек, гитара, синтезаторда да ойнай алады.

Екатерина Восипёнек:

– Бірнеше аспапта ойнаймын. Ең сүйікті инструментім – домбыра. Мен отбасымды қатты жақсы көремін. Менің әжем бар, ол маған қазақ тілінде сөйлеуге үйретті.

Ал Нажия Максимованы ерлі-зайыптылар осыдан 3 жыл бұрын патронатты тәрбиеге алған. Бұған дейін де бұрымды әр демалысын Катяның қасында өткізіп келіпті. Себебі, қос бойжеткен кезінде балалар үйінде бір-бірімен жақсы араласып, туған әпкелі-сіңлідей болып кеткен.

Нажия Максимова:

– Біз Екатеринамен бірден тіл табысып кеттік. Оны алып кеткен кезде менің де бірге барғым келді. Бірақ, мен анамды күттім. Жалғыз қалғым келмеді. Арада бірнеше жыл өткен соң осы үйге келуге келісімімді бердім.

Елубай мен Дина Баймакишевтердің бұдан бөлек туған 2 ұлы бар. Бірақ, тағдырдың жазуымен осыдан 3 жыл бұрын ерлі-зайыптылар тұңғышынан айырылып қалған. Бұл отбасы мүшелеріне ауыр соққы болды. Дегенмен, жанұядағы өзара сыйластық, түсініспеншілік пен махаббат-мейірім – осы ауыр кезеңнен өтуге қолдау болды. Қазір отағасы мен жары бар жан жылулығын тұңғышынан қалған немерелері, ұлы мен қос қызына арнап отыр.
Үйдің үлкені кейуана Сәрия Тәшібаева да Екатерина мен Нажияны бөліп жармай туғанындай көреді.

Сәрия Тәшібаева:

– Катямыз біздің оңды қыз болды. Өсірдік, тәрбиеледік. Қазір “әже” деп келіп бетімнен сүйіп тұрады.1:11 Сосын, екінші қызды алып Катя сияқты тәрбиеледік. Екеуі де оңды болып өсті, ақылды. Әжелеп келіп тұрады, бәрін істейді.

Кейуана өзін “Мен бақытты әжемін” дейді. Себебі, бүгінде Сәрия Тәшібаеваның 11 немересі мен 2 шөбересі бар екен.

Баймакишевтердің дастархан басындағы әр отырысы осындай әсем әуенмен әрленеді. Абайдың әнін орындаудың өзінде тәрбие жатыр. “Үлкенге құрмет, кішіге ізет” деген ұстанымды ұстанатын жанұя – бүгінде көрші-қолаң мен ағайын-туыстары үшін нағыз үлгілі отбасылардың бірі.

Ақтолқын Солтанханқызы