Қоғам

Жасыл орман күл-қоқыстан тазарды

Жасыл орман тазарды күл-қоқыстан. Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай  облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері мен ерікті жастар Белое селосының маңында тазалық жұмыстарын жүргізді. 50-ге жуық табиғат жанашыры  ағаштардың арасынан 200 қап қоқыс шығарды. Шаруаға жергілікті кәсіпкерлер де ат салысып, белсенділік танытты. “Жол құрылыс сервис” серіктестігінің мамандары ауыр техникаларымен ауыл шетіндегі 2 тоннадай тұрмыстық қалдықты арнайы орынға тасып берді.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Жергілікті тұрғындар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесіне бірнеше рет өтініш түсірген екен. Мына жердегі қоқысты шығарып тастасын деп. Бірақ, бұл – адамдардың өз қолымен жасаған дүние. Көріп тұрғанымыздай барлығы – тұрмыстық қалдықтар. Осы мәселені шешу үшін жергілікті кәсіпкерлер де қол ұшын созып жатыр. Қазір олар мынадай арнайы техникамен қоқысты ана жақтағы свалкаға апарып тастап жатыр.

Айнала шашылған полиэтилен қағаздары мен пластик қалдықтар. Жел соқса болды шаңмен бірге ұсақ та жеңіл қоқыстың барлығы аспанға көтеріліп, мына орманың ішін басады. Қазір мамандар жергілікті волонтерлер мен бірге Қызылжар ауданына қарасты Белое ауылының шетін күл-қоқыстан тазартып жатыр. Рүстем Арманов та табиғат жанашырларының бірі. Айтуынша пластик – қошаған ортаны ластайтын ең қауіпті зат. Ыдырауына да 100 жылдан аса уақыт кетеді екен. Сәйкесінше оның сол ортада мекен еткен жануарларға да тигізетін залалы көп.

Рүстем Арманов – «Медициналық еріктілер» жобасының үйлестірушісі:

– Мәселен, мынадай кішкентай пенопласт жануардың ағзасына түссе ол уланып, тамақ жей алмай өліп қалуы мүмкін. Бұны адамның жануарларға өз қолымен тигізіп жатқан қиянаты деуге болады.

Тазалық шарасына 50-ге жуық адам жұмылдырылған екен. Жастар орманның ішіндегі қоқысты бірер күнде түгел тазалап шығуды жоспарлап отыр. Табиғат жанашырлары іске ауылдықтарды да тартып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз дейді. Себебі, айналаның тазалығы тұрғындардың өздеріне тікелей байланысты.

Сәлімхан Сәбитов – облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары:

– Өзіміздің облысымыздағы барлық жастар ұйымдарын шақырып экологиялық акция жүргізіп жатырмыз. Ауылдықтарға да осы акцияға қатысуларын айтқымыз келеді.

Ал бұл қаладағы Пестрое көлінің маңы. Мұнда да дәл сол көрініс десек болады. Демалуға келген адамдардан қалған қоқыстың саны жетіп артылады. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай жергілікті мемлекеттік органдардың мамандары тазалық шарасына білек сыбана кірісіп кетіпті.

Андрей Славный – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Бұл акцияны Пестрое көлінің маңында жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз. Жалпы айтсақ, жағалаудағы қоқыс қалдықтары жылдан жылға азайып келеді. Жерлестерімізден табиғатты ластамауларын сұраймыз.

Қоршаған ортаны аялайық. Сол себепті, жерлестеріміз үшін «жинаған жер емес, қоқыстамаған жер таза» деген қағида қашан да өзекті болып қала бермек. Ал мамандар өз кезегінде солтүстікқазақстандықтарға “Қоқыс шашпа, көрсең теріп алып жәшікке таста” деген кеңес береді.

Бердімұрат Баймұқан