Құқық қорғау органдары

Парамен ұсталған шалақындық полицейге қатысты үкім шықты

Сәуір айының соңында парамен ұсталған шалақындық полицейге қатысты үкім шықты.

Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары карантин кезінде жеке көлігімен кедергісіз қатынау үшін тұрғыннан 1 млн 300 мың теңге көлемінде ауызбастырық алмақ болған еді. Дегенмен, қитұрқы әрекеті іске аспай, жемқор дер кезінде құрықталды. Кінәсі сотта дәлелденіп, 3 жарым жылға темір торға тоғытылды. Алдағы уақытта мұндай парақорлық фактілерінің алдын алу үшін жемқорлыққа қарсы ведомство бірқатар іс-шараларды жүргізуді жоспарлап отыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


-Мұндай заңбұзушылықтардың орын алуына себеп болатын факторлардың көзін жою керек. Қатардағы тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға қатысты сауаттылығын арттыруды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, полиция департаментінің жеке құрамымен парақорлықтың салдары турасында сабақтарды жиірек жүргізетін боламыз.

 

Эльмира Садвокасова