МТРА жаңалықтары

Орталық саябақта 17 сібір шыршасының көшеті отырғызылды

Көшет айналаға көрік береді. Бүгін орталық саябақта сібір шыршалары егілді. Игі акцияны мемлекеттік рәміздер күніне орай “облыстық кәсіподақтар орталығы” бірлестігі ұйымдастырған.

Бұл экоакция өз бастауын өткен жылдың күзінде алған. Сол кезде оған қаламыздағы кәсіподақ ұйымдары мен түрлі сала қызметкерлері қатысып, орталық саябақта 25 шырша көшетін отырғызған еді. Бүгін бұл игі шара өз жалғасын тауып отыр.

Мұрат Қалиев, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары:


– Бүгін біз саябаққа 17 сібір шыршасының көшетін отырғызып жатырмыз. Қатарымыз қалың. Осы жолғы акцияға бірнеше басқарманың өкілдері қатысуға ниет етті. Атап айтсақ, бұл – денсаулық сақтау және білім саласының мамандары.


Көшет отырғызып жатқан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің арасында 2 ай бойы стационарда еңбек еткен жандар бар. Шара барысында олар құрметке бөленді. Мамандарға 100 мың теңгеден ақшалай сертификат табысталды.

Баян Макентаева – №3 қалалық емхананың санитары:

– Карантинде 2 ай жұмыс істедім. Жұмысқа барғанда балаларымыз бен немерелеріміз үшін қорықтық. Бірақ, науқастарды көргенде көмектескіміз келді. Бұл – біздің жұмысымыз.

Ескі саябақтағы көгалдандыру шарасы тұрғындар тарапынан да қолдау тапты. Осында жиі келіп серуендейтін, таңғы жаттығу жасайтын азаматтар демалыс орнын көркейту парызымыз дейді.

Әбжат Темешев – қала тұрғыны:

– Бүгінгі кәсіподақтар бірлестігі жасап жатқан іс-шара қала тұрғындарынан бөлек, меймандарға да ұнайды деген ойдамын. Алдағы уақытта да бұл акция жалғасын табатын шығар.

Экоакция алдағы уақытта жалғасын табады. Әзірге, қай жерге қандай көшет егілетіні белгісіз. Игі шараға аудандарда қызмет ететін мамандар да қатыспақ.

Ақтолқын Солтанханқызы