МТРА жаңалықтары

Қол күшінің орнына – құлтемір

Облыстағы ең ірі жиһаз фабрикаларының бірі өндірісті автоматтандыруға бет бұрып отыр. Кәсіпорын былтыр екі робот сатып алған. Бөлшектерді сырлайтын машиналар  адами жұмыс күшінің орнын басқан. Осының арқасында өнімділік шамамен екі есеге артыпты.

Қол күшінің орнына – құлтемір. 4-ші өнеркәсіптік революция Солтүстік Қазақстанға да жетті. Өлкедегі жиһаз шығаратын фабрикалардың біріндегі көрініс. Шапшаң әрі епті жапондық “жұмысшылар” бөлшектерді сырлап, өң береді. Мұндай бір машина 6 бірдей адамды алмастырады. Бұрынғы 16 әрлеуші маманнан бүгінде тек 4-уі ғана қалған.

Саят Ермек – тілші:

– Менің қолымда, мәселен, 2 орындықтың арқасы. Оны бояу үшін сырлаушы 4 минут уақыт жұмсайды екен. Бұл орта есеппен. Ал жапондық робот бұл шаруаны екі есеге тезірек атқарады. Одан қалды, бояу шығыны да 25 пайызға азаяды екен. Жоғары технология деп осыны айт.

Одан қалды, адам сырлағанда қателікке бой алдыруы мүмкін, ал құлтемір бұған жол бермейді. Қысқасы, жапондық сапа. Қосып қойсаң болды, тәуліктеп тоқтаусыз жұмыс істей береді. Тағы бір артықшылығы – экология мен денсаулыққа келтірілетін залалдың аздығында. Цехта сырдың бас айналдыратын өткір иісі жоқ.

Мұның бәрі су камераларының арқасы. Фильтрлер бояуды тазартады. Құлтемірлердің екі кешенін сатып алуға Бескөлдегі фабрика 50 млн теңге жұмсаған. Мынадай “жұмысшылардың” арзан болмайтыны түсінікті, бірақ көмекке “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы келген.

Евгений Лиценбергер – жиһаз фабрикасы директорының орынбасары:

– 5 жылға 6 пайыздық үстемемен кредит алдық. Есесіне сырлау процесі бүгінде автоматтандырылған. Цехта адам күші роботты қосып-өшіру және бояуды құю үшін ғана керек. Бұл машиналарды жиһаз бөлшектерін бекіту және дәнекерлеу үшін де қолдануға болады. Қазір мұндай технологиялар бүкіл әлемде қолданылады, осының арқасында өндіріс жаңа деңгейге шығып отыр.

Бастысы – көлем артты. Жиһазға деген сұраныс әрдайым бар. Қазірдің өзінде фабрика өнімін елорда мен оңтүстік астанаға жөнелтеді. Роботтардың арқасында Орал мен Ақтауға шығу мүмкіндігі туып отыр. Мұндай қарқынмен шетелдік нарықтың да ауылы алыс емес. Кәсіпорын басшылығының сөзінше, құлтемірлердің келуіне қарамастан, бірде-бір адам жұмысынан айырылмаған. Олар басқа шаруаға жұмылдырылыпты. Керісінше, еңбеккерлер қазір тапшы, керек.

Саят Ермек – тілші:

– Сондай-ақ, Бескөлде шағын архитектуралық формаларды жасайтын шағын цех те бар екен. Әзірге, бұл кішкентай ғана отбасылық бизнес, тіпті ермек десек те болар. Мүсіндер пенопласт, нығайтушы материалдар, бояу және лак сияқты қарапайым ғана материалдардан жасалады екен. Бірақ, өңі қашып, ескірмей 50 жылға дейін тұра алады. Кім біледі, бәлкім мәселен, мына фламинголар көп кешікпей Петропавл көшелеріне көрік сыйлап тұратын болар.

Саят Ермек