МТРА жаңалықтары

Облыстық кітапханада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Биыл облыс аумағында 30-дан аса мәдениет ошағы жөндеу көрмек. Іске 1 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылған. Қазір тиісті шаруа С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жүріп жатыр. Оған “Жұмыспен қамту жол картасы – 2020” бағдарламасынан 33 млн теңге бөлінген. Мамыр айының ортасында басталған шаруа шілденің соңында аяқталмақ.

Облыстық кітапхананың бірінші және үшінші қабаттарында орналасқан конференция залдары бұрын-соңды жөнделмепті. Міне, биыл қалыпқа келтіріліп жатыр. Мұнда жергілікті мамандар еденді, төбені түпкілікті ауыстырып, қабырғаларды әрлеуде. Ішкі дизайн – ерекше. Оны мына суреттерден аңғаруға болады. Ортаға біртуар тұлға, атақты жерлесіміз Сәбит Мұқановтың портреті қойылмақ. Бүгінде жауапты істің жартысына жуығы аяқталыпты. Қалған шаруа келесі айдың соңына дейін тәмамдалады.

Бейбітгүл Әбілмәжинова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒК директоры :

– Іс кесте бойынша атқарылып жатыр. Жалпы, жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасында басталды. Шілденің соңында шаруаның барлығы аяқталады. Бір айта кетерлігі, екі бөлме қатар жаңартылуда. Алдағы уақытта келушілерді заманауи, әдемі, жарық жиналыс залдарында қарсы алатын боламыз.

Қара шаңырақтағы қалыпқа келтіру ісіне “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша 33 млн теңге қаражат бөлінген. Сол себепті, еңбеккерлердің жартысы қалалық жұмыспен қамту орталығынан жіберіліпті. Олардың жалақысы – 85 мың теңге. Мемлекеттік жобаның шарты осындай.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

– Біз – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы істі ұйымдастырушы ретінде жұмыс орындарын құру және еңбеккерлермен қамтамасыз ету бойынша бақылау жүргіземіз. Кітапханадағы іске 9 адам тартылды. Олардың 5-еуі жұмыспен қамту орталығынан жіберілді.

Кітапханадағы шаруа мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта мұнда лэд-экран, дауыс ұлғайтқыш құрылғылар мен жылжымалы сахна орнату жоспарланып отыр. Жалпы, биыл облыс аумағындағы 30-дан аса мәдениет ошағы жөндеу көрмек. Іске 1 млрд теңгеден аса ақша жұмсалмақ.