Көлік және жолдар

Ескі, қолданыстан шыққан көлік үшін 200 мың теңге

Қазақстандағы машиналардың 60 пайызы 10 жылдан аса уақыт қолданыста екен. Күнделікті көшелерімізде мұндай 2 жарым млн темір тұлпар жүреді. Ескірген жеңіл және жүк көліктерінің экологияға келтіретін зияны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, мемлекет бүгінде олардың иелеріне жаңа автомобиль сатып алуға көмек көрсетуде. Маусымның бірінен утилизацияға тапсырылатын машиналар үшін төлем көлемі артты.

Жасыл запорожец – Гүлзат Тоқсанбаеваның балалық шағынан қалған естеліктердің бірі. Нәзікжанды атасымен бірге дәл осы көлікке мініп талай жерді шарлапты. Жарты ғасырлық тарихы бар машина өз міндетін толығымен орындаған. Қолданыстан шыққанына да 10 жылдан асты. Енді ол темір тұлпар емес, темір-терсекке айналған. Жөндеуге келмейді, жалғыз шешім – утилизацияға тапсыру дейді қала тұрғыны.

Гүлзат Тоқсанбаева – қала тұрғыны:

– Утилизация бағдарламасының болғаны өте жақсы. Осындай жарамсыз көліктерді тапсырып, 200 мың теңге алуға болады. Қомақты қаражат болмаса да еліміздегі қиын жағдайда бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Маусымның бірінен бастап қолданыстан шыққан автокөліктер үшін төлем көлемі артты. Мәселен, осыған дейін барлық бөлшектері бар ескі темір тұлпар үшін жерлестеріміз 150 мың теңге алатын. Аз жиынтықты машинаны тапсырса бар-жоғы 48 мың теңгені қалтаға басатын. Қазір гаражда жай тұрған Москвич пен Жигули, Ладалар үшін 150-200 мың теңгеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Оразтай Абдрахманов, қолданыстан шыққан көлік құралдарын қабылдайтын пункінің жетекшісі:

– Ескі машиналарды утилизациялау бағдарламасы іске қосылғалы біз 6 мың көлік қабылдадық. Тұрғындар ол үшін ақшалай сертификат немесе өтемақы алады. Жеңіл көліктер 2 категорияға бөлінеді. Біріншісі – толық жиынтықты. Яғни, темір тұлпардың барлық негізгі бөлшектері болуы керек. Екіншісіне қаңқасы, қозғалтқышы, беріліс қорабы бар машиналар жатады.

Қайта өңдеуге жүк көліктері мен автобустарды да тапсыруға болады. Бірақ, олар үшін төлем ақшалай емес, сертификат түрінде жүзеге асырылады. Құжатты отандық машинаны сатып алуда ұсынсаңыз, айтарлықтай жеңілдік жасалады.

Оразтай Абдрахманов – қолданыстан шыққан көлік құралдарын қабылдайтын пункінің жетекшісі:

– Жүк көліктері бірнеше категорияға бөлінеді. Салмағы 12 тоннаға жетпейтіндері үшін – 550 мың, 12 тоннадан асатындарына 750 мың теңге төлейміз. Салмағы 5 және 7 тоннаға дейін жететін автобустарды қабылдаймыз. Иелеріне сәйкесінше 550 және 750 мыңның сертификаттары табысталады. Жерлестеріміз жаңа темір тұлпарды сатып аларда 2 бірдей сертификатты қолдана алады.

Ескі-құсқыны утилизацияға тапсыру үшін бума-бума қағаздың қажеті жоқ. Автокөліктердің иелерінен тек машинаны есептен шығару туралы анықтама мен банк шотының нөмірі талап етіледі.