МТРА жаңалықтары

Поездар Петропавлдан 3 бағытта қатынап жүр

Петропавл теміржол вокзалының жұмысы қайта жанданды. Қазіргі уақытта поездар 3 бағытта қатынап жүр. Билеттерді онлайн немесе теміржол вокзалының кассаларынан алуға болады.

Дәл қазір 1-ші перронға Нұр-Сұлтан-Петропавл бағытындағы поезд келіп тоқтады. Вагодардан түсіп жатқан жолаушылардың қатары қалың. Бірі туған-туысқандарына келсе, енді бірі – карантин уақтында жіпсіз байланып басқа қалаларда қалып қойғандар. Алаларында жұмыс сапарымен келгендер де бар.

– Балаларыма келдім. Оларды 2 айдан астам уақыт көрген жоқпын. Темір жолдардың жұмысы қайта жанданғанына қуаныштымын.

– Мен Тараздан осында іссапармен келдім. Поездің іші таза, санитарлық нормалар сақталған.

Әрине, дәл қазіргі кезеңде санитарлық нормалар қатаң сақталуы тиіс. Себебі, бұл – ең басты талаптардың бірі. Бірақ, вагон ішінде қандай да бір арақашықтықты сақтауға шектеу жоқ. Тек жолаушыларға отырған орындарынан себепсіз тұруға болмайды. Және вагондарды аралап жүруге қатаң тыйым салыған.

Сергей Нешин – жолаушылар поезының бастығы:

– Поездың ішінде дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілуіне жолсерік жауапты. Вагон 4 сағат сайын зарарсыздандырылып тұрады. Яғни тұтқалар, қабырғалар мен панельдер сүртіліп, еден жуылады. Ал жолаушылардың барлығы қорғаныс құралдарын өзімен бірге алып жүрулері тиіс. Адамдардың дене температурасы поезға отырмас бұрын теміржол вокзалында өлшенеді.

Қазір поездар Петропавлдан 3 бағытта қатынап жүр. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы мен Қызылорда. Билеттер мамыр айының ортасынан сатыла бастаған. Оның өзін онлайн немесе теміржол вокзалының кассаларынан алуға болады. Осы орайда айте кетейік, жаңа талаптар бойынша жолаушылар нысанға тек билет алу үшін немесе оны қайтару үшін ғана кіре алады. Ал жолаушыны қарсы алушылар мен шығарып салушыларға ғимараттың ішіне кіруге тыйым салынған.

Елена Бриль – Петропавл теміржол вокзалының бастығы:

– Петропавлға бірінші рейс маусымның 2-сі күні Нұр-Сұлтаннан келді. Онда 300-ге жуық жолаушы болды. Бүгін 220 адам келіп түсті. Жолаушылардың қатары қалың. Дегенмен, барлық санитарлық нормаларды сақтаудамыз. Қызметкерлеріміз түгел жеке қорғаныс құралдарымен жүреді. Вокзалдың ішіне және перронға бөтен адамдардың өтуіне тыйым салынған.

Айта кетейік, “Петропавл-Алматы” бағытында қатынайтын Тальго жүрдек поезы маусымның 11-інен бастап бұрынғы режимде жұмыс істейді.

Ешкенова Дана