МТРА жаңалықтары

Көпқабатты үйде жүргізілген жөндеу жұмысы бағамдалды

2011 жылдан бері шаһарда мемлекеттік бағдарлама аясында 165  көпқабатты баспана күрделі жөндеу көріпті. Оған ел қазынасынан қыруар қаржы бағытталған еді.

Бұл – Бөкетов көшесінің бойындағы 14-ші үй. 2014 жылы өткен ғасырдың екінші жартысында салынған көпқабатты баспана “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында күрделі жөндеу көріпті. Жылыту жүйесі, шатыр ауыстырылған. Оған ел қазынасынан 29 млн теңге жұмсалыпты. Іс аяқталған соң ПИК төрайымы жұмысты қабылдайды. Алайда, құрылыс компаниясы тарапынан берілген кепілдік мерзімі аяқталған соң тұрғындардан арыз түсе бастайды.

Александр Ершов – қала тұрғыны:

– Бұған дейін шатырдан бір тамшы су ақпайтын. Қазір жаңбыр жауса болды, төбеден су сорғалайды. Мұндай мәселеге біз 14-ші жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмысынан кейін ғана тап болып отырмыз.

Бұл бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардан кейін пайда болған жалғыз проблема емес. 5 қабатты үйге қарама-қарсы орналасқан баспанада шатырмен қоса, жылыту жүйесінде де олқылықтар бар. Іске жауапты жандар желіні жөндеудің орнына оны түгел ауыстырған екен. Шаруа сапасыз тындырылыпты.

Гүлнара Кәрібаева – «Миг СКО» ПИК төрайымы:

– Осы ауладағы 3 үйге мемлекеттік бағдарлама аясында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 100 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Кепілдік уақыты аяқталған соң, тұрғындар шағымдана бастады. Бірі баспаналары суық десе, енді бірі шатырдан су ағатынын жеткізді. Мәселемен құзырлы органдарға жүгіндік. Олар кепілдік мерзімі 2016-да аяқталған, сол себепті қандай да бір шара қолдана алмайтындықтарын айтты.

Аталған мәселелермен «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Төлеген Байғұлов танысып шықты. Меймантиісті жұмыстар аяқталып, кепілдік мерзімі өтіп кетсе де проблеманы шешуге тырысатынын жеткізді.

Төлеген Байғұлов – «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы:

– Алдағы уақытта қандай шешімдер бар екенін қарастырамыз. Қолымыздан келгенше мәселені қараймыз. Болашақта мұндай қателіктер болмау үшін қоғамдық бақылауды күшейтеміз.

Айта кеткен жөн, шаһарда 2020-2021 жылдары “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын 50 баспанада жүргізу жоспарланып отыр. Іске қажетті 2 жарым млрд теңгені алу үшін республикалық қазынаға өтініш жолданыпты.

Актолкын Солтанханкызы