МТРА жаңалықтары

iKomek орталығының жұмысы таныстырылды

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің құрамына кіретін ұйымдардың алдына осындай міндет жүктелген. Бүгін республикалық кеңсенің басшысы Төлеген Байғұлов Петропавлға келді. Мейман бірқатар нысандарды аралады, жаңа жоба жайында айтты.

iKomek орталығы өз жұмысын өткен жылдың соңында бастаған болатын. Мұнда коммуналдық мекемелердің байланыс қызметтері бір жерде топтастырылған. Қала тұрғындары 109 желісі арқылы шұғыл мәселелер бойынша хабарласа алады. Жыл басынан бері мұнда жерлестерімізден 83 мыңға жуық сұрақ түсіпті.

Ғизат Тайжанов – қалалық iKomek ахуал орталығының жетекшісі:

– Төтенше жағдай уақытында тұрғындардан өте көп сұрақ түсті. Яғни, орташа есеппен 8 мыңнан 43 мыңға дейін артты. Соған байланысты операторлардың қатары да 5-тен 10-ға дейін көбейді. Тұрғындардың сауалдары көбінесе карантинге байланысты болды. Кім жұмысқа шыға алады? Төтенше жағдай режимі қашан аяқталады деген сұрақтар жиі қойылды.

Төтенше жағдай аяқталды. Орталықтың жұмысы да әдеттегі қалыпқа оралды. Қазіргі күні мамандар “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің аясында мобильдік қосымша әзірлеп жатыр. Бұл барлық атқарылып жатқан істердің ашықтығын қамтамасыз етіп, жемқорлықтың алдын алуда септігін тигізеді.

Төлеген Байғұлов – «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы:

– Жуырда «Жемқорлықсыз аумақ» деген жаңа пилоттық жобаны іске қостық. Ол Петропавл, Көкшетау, Орал және Тараз қалаларында жұмыс істеп тұр. Бұл жоба аясында тұрғындар кез келген сауалдарына тұшымды жауап ала алады.

Бөлінген ақша дұрыс жұмсалуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алға қойған негізгі 4 бағыттарын баян етті.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

–  Бірінші бағытымыз – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. Бөлінген қаражат есебінен тұрғын үйлерге ортақ жөндеу жұмыстарын жүргізгенде бұл ақшаны тұрғындар 15 жыл ішінде қайтарады. Яғни құрылыс жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізіледі. Екінші – денсаулық сақтау және білім беру, үшінші -мемлекеттік қызмет және төртінші бағыт – полиция жұмысының сапалы атқарылуын қамтамасыз ету.

Жиын соңында “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі, тұрғын-үй инспекциясы мен пәтер иелері кооперативі қауымдастығының өкілдері әріптестік турасында үшжақты меморандумға қол қойды.

Бердимурат Баймухан