Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақ басшысы “Әкім сағаты” бағдарламасына қатысты

Келелі ой, тұшымды пікір білдірілді, алдағы жоспар айтылды! Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов “Қызылжар” телеарнасында тікелей эфирде өткен “Әкім сағаты” бағдарламасының қонағы болды. Дәстүрлі кездесу барысында аймақ басшысы журналистердің де, тұрғындардың да сауалдарына жауап беріп, өлкедегі өзекті мәселелерге тоқталды.

Бағдарлама барысында бірнеше өзекті мәселе қозғалды. Алғашқысы – коронавируспен күрес. Өзімізге жақсы мәлім қауіпті індеттің салдарынан күллі әлемде дағдарыс орын алды. Ол экономикаға өз әсерін тигізді. Мәселен, СҚО-да сауда-саттық саласында көрсеткіштер төмендеп кетті. Дегенмен негізгі бағыттарда түсім емес, керісінше өсім байқалады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 2,2% құрайды. Құрылыс – 3,2%, өндіріс – 7,2%, инвестиция тарту көрсеткіші 18% артты. Экономикалық дағдарысқа қарамастан облыс бюджеті де өсті.

Жылдың басында қазынадағы қаржы 262 млрд теңгені құрады. Ал қазір 300 миллиардтың үстінде. Бұл 2017-дегі көрсеткіштен 2 есеге көп екен. Қаражат халықты жиі толғандыратын проблемаларды шешуге жұмсалады. Яғни, ағайынға таза су жетеді, жол жөнделеді, адамдар жұмысқа тартылады, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынады. Бой көтеретін ғимараттардың арасында білім ошақтары болмақ. Келесі жылы жергілікті университеттің жаңа оқу корпусы келушілерді қабылдайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Университеттің жаңа оқу корпусы салынып жатыр. Нысан 12 қабаттан тұрады. Онда 63 заманауи зертхана болады. Студенттердің санын 10 мыңға дейін жеткізуге болады. Құрылысты келесі жылы аяқтаймыз.

Білім беру. Былтыр бұл салада ауқымды шаруа атқарылды. Қомақты қаражатқа 100-ден аса нысан жөндеу көрді. Атқарылған істің нәтижесі байқалып жатыр. Жылу жүйесі ауыстырылған оқу ошақтарынд балалардың суық тиіп, тұмаурату жағдайлары 40 пайызға азайыпты. Биыл да біраз іс тындырылады. Өңірде оқушылар санының артуына байланысты 3 бірдей мектептің таспасы қиылады. Оның екеуі – Петропавлда, біреуі Бескөлде орналасқан. Тікелей эфир кезінде Большая Малышка селосындағы мектепке қатысты сұрақ келіп түсті. Көрермен ауылдағы ғимарат неге биыл қалыпқа келтірілмейтіндігін білгісі келген. Құмар Ақсақалов осы сауалға қатысты тұрғындардың базынасын білетіндігін, элеуметтік желілерде пікірлерді оқитындығын айта келе, жұмыс механизмін түсіндіріп берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз әр мектептің жағдайына қарап тізім жасап жатырмыз. Біртіндеп барлық мектепті қалыпқа келтіре аламыз. Оған мүмкіндік бар. Бір жылда барлық нысанды жөндеуге әжептәуір қаражат керек.

Облыс әкіміне қойылған кезекті сауал денсаулық сақтау саласына қатысты болды. Людмила есімді жерлесіміз МРТ-ға кезектің көптігін айтыпты. Өзекті мәселе қашан шешілмек?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстық ауруханадағы МРТ аппараты ескірді. Сондықтан, жаңа томограф сатып алдық. Ол 1 жарым ай көлемінде реттелді. Заманауи қондырғы алдағы дүйсенбі күні іске қосылады. Осының арқасында кезек саны, тексерілу уақыты қысқарады. Бұған қоса тағы бір МРТ аппаратын сатып алуды жоспарлап отырмын. Оны онкологиялық орталыққа немесе балалар ауруханасына қоямыз.

Петропавлда заманауи аурухана салынып жатыр. Ол жерге де тың дүниелер қойылады. Мәселен, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуге арналған озық үлгідегі желілік үдеткіш құрылғысы болады. Қазір мұндай қондырғы Алматыда бар екен. Тиісінше жерлестеріміз сонда барып емделуге мәжбүр. Бағдарлама соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов биыл Петропавлда қазақ театрының құрылысы аяқталатындығын айтты және тұрғындарды жазғы маусымда шырайлы өлкемізде демалуға шақырды.

Байболат Бектемірұлы