50 мың теңге ауылдықтарға да берілді

Қоғам

21:53 4 Маусым 2020

“Biz Birgemiz” қорынан 50 мың теңге  көмекке мұқтаж село тұрғындарына да берілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрмені бойынша қаражатты шағын қалалар, ауылдар мен ірі шаһарларға іргелес елді мекендерде тұратын қоғамның әлжуаз топтары алды. Өйткені, олар да карантин қыспағында қалып, қаржылай қиындықтарға ұшыраған болатын.

Сәрсенбінің сәтінде Динара Әбілмәжінованың телефонына “Сіздің шотыңыз 50 мың теңгеге толықты” деген СМС келеді. Қайдан түскен ақша деп таңырқап қалдым дейді нәзікжанды. Сөйтсе, бұл – “Biz Birgemiz” қорынан қаржылай қолдау екен. Динара – 4 баланың анасы, қазір декретте. Жанұя Бескөлде жер үйді жалдап тұрып жатыр. Жәрдемақы мен жолдасының тапқан-таянғаны пәтерақы, коммуналдық төлемдер мен азық-түліктен қалмайды. Ал карантин жағдайды тіпті ушықтырды, сондықтан бұл 50 мыңды қайда жұмсарын жас ана жоспарлап қойған.

Динара Әбілмәжінова, көпбалалы анна:

– Үш балам мектепте оқиды, 4-ші тоқсанда үйде білім алды. Сондықтан интернет қосып, екеуіне бір-бір смартфоннан әперіп, біраз шығындалуға тура келді. Отын-көмір алынбай қалды. Ақшаны осыған жұмсамақпын әрі жазғы киім де керек.

Әр тиыны санаулы отбасылар үшін бұл қаражат – әжептәуір ақша. 50 мың теңгені “Biz Birgemiz” қоры көпбалалы жанұяларға, мүгедектер мен зейнеткерлерге, қысқасы мұқтаждарға береді. Бұған дейін жәрдемақыны қатаң карантин қыспаққа алған қалалық тұрғындар ғана ала алатын. Ал маусымның 2-сінен бастап ауылдықтарға да үлестірілуде.

Бауыржан Байбек – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасы, партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлемақы берудің үшінші кезеңін ұйымдастыруды тапсырды. Осы аптаның өзінде шағын қалалардың, ауылдар мен ірі қалаларға іргелес елді мекендердің мұқтаж тұрғындарынан тұратын 110 мыңдай отбасыға қосымша атаулы қаржылық көмек көрсетілетін болады.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің инстаграммдағы ресми парақшасынан.

ТЖ кезінде қордан қаражат 11 мың петропавлдық отбасыға берілген. Ал кеше өлкедегі 7 ауданның тағы 3 мыңнан астам тұрғыны Динара сияқты ұнамды СМС алған. Бірі – Бейнегүл Оспанова. 2-ші топтағы толыққанды жұмыс істей алмайды. Буындарының сырқырауын жеңілдетпекке айына кемінде 30-40 мың теңгені дәрі-дәрімекке жұмсайды екен. Денсаулығы нашар, жолдасымен бірге 2 баланы тәрбиелеп отыр, үйді де салып бітіру қажет, қысқасы ақша жетпейді. Ал алда – жаңа оқу жылы.

Бейнегүл Оспанова, екінші топтағы мүгедек:

– Кеңсе тауарлары, мектеп формасы, аяқ киім – мұның бәрі қазір қып-қызыл ақша ғой. Балаларым өзгелерден кем болмасын деймін. Одан қалды, бір басымда бірнеше кредит бар, оларды да жабу керек. Мүгедектік үшін алатын жәрдемақым дәріден қалмайды. Сондықтан, шынымен де, мына 50 мыңға ризамыз.

Қаражатты алған азаматтар ешқандай өтініш бермеді. Оларды аудандық жұмыспен қамту бөлімдері анықтап, тізімін жасаған. Осының арқасында 50 мың теңге шын мәнісінде мұқтаж ауылдықтарға берілді. Енді олардың қаржылық жағдайын сәл болса да түзету мүмкіндігі бар.

Саят Ермек

 

 

Бұдан әрі оқыңыз

Жолдауға арналған көрме
Жолақы әзірге өспейді
«Жасыл ел» жобасының кезекті еңбек маусымы аяқталуға жақын
СҚО-да “Бастау” жобасының соңғы легі бастау алды
Қазақстандық диплом Еуропа елдерінде жарамды болмақ
Петропавлда тағы бір нысан келбеті әрленді
Қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні
СҚО-да 3,5 мыңға жуық жетім баспана кезегінде тұр
Қыркүйектің 2-ші жексенбісі – Отбасы күні
Петропавлда жаңа саябақтар салынуда
СҚО-да аң аулау маусымы жүріп жатыр
Қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті