МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік рәміздерімізге – 28 жыл

Тұғырлы Ту, еңселі Елтаңба мен әуелеткен Әнұран. Бүгін – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. Егемендігіміздің нышандары осыдан тура 28 жыл бұрын қабылданған еді. Мерекеге орай өлкеде бірқатар акциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылды.

Саят Ермек – тілші:

– 91-дің желтоқсанында өз алдына бөлек мемлекет болдық. Әлемнің саяси картасында пайда болған жаңа елге жаңа нышандар керек еді. Көп кешікпей 92-ші жылдың 4-ші маусымында олар бекітілді. Ту, Елтаңба, Гимн – осымен 28-ші жыл төрткүл дүние егемен Қазақстанды осы символдар арқылы таниды.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттік бренд қана емес, болмысымыздың көрінісі. Бір ғана Елтаңбаның өзін алайықшы: әрбір деталі “Қазақстан” деп айғайлап тұрғандай.

Жандарбек Мәлібеков – ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:

– Киіз үйіміздің тұлғасы біздің Елтаңбаға арқау болды. Қазақстанның тарихы жоқ, көшпенділер болған, олардың мәдениеті төмен деген сияқты ұғымдар қалыптасқан еді. Мен қазақ халқы еш жерден көшіп келген жоқ, оның өзіндік мәдениеті мен тарихы бар деп, “Алтын адамға” жүгініп, ондағы бейнелерді Елтаңбаға енгіздім.

Көгілдір түс – ашық аспан, күн – даму мен өркендеу, қыран құс – бостандық пен айбындық, ал ою-өрнек – ұлттық болмыс. Бұл – Туымыздың қысқа сипаты. Оның авторы Шәкен Ниязбековтен 6 жыл бұрын айырылып қалдық, бірақ елге жалау сыйлаған азамат ретінде суретшінің есімі ұлт тарихында мәңгі қалды.

Тұңғыш Әнұранымыз естеріңізде болар. Бұл статусты ол 14 жыл бойы сақтады. Кейін орнын Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі “Менің Қазақстаным” әні басты. Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев сөздеріне өзгерістер енгізіп, 2006 жылдың 11 қаңтарындағы Президент иннаугурациясында жаңа гимн алғаш шырқалған еді.

Бұл – тарих және оны көз қарашығындай қорғап, білуіміз маңызды. Биыл Қазақстан 28-ші мәрте рәміздер күнін атап өтуде. Бұл – жай ғана мереке емес, егемендік символдарына деген шексіз құрметтің көрінісі. Бұл құрметті Бескөлдегі баспаналардың біріндегі тұрғындар көк туды балкондарына тігіп паш етті. Өткен-кеткен жұрт көрсін, білмегендер бүгін мейрам екенін білсін деп.

Теміржан Алтаев – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Жастардың арасында патриоттық сезім оятады. “Ел боламын десең – бесігіңді түзе”, – дейді. Сол үшін халық арасында осындай акциялар жүргізген дұрыс деп есептеймін.

Дәл сол Бескөлде белсенді жастар мен еріктілер көшеде кетіп бара жатқан тұрғындарға жалау бейнеленген төсбелгілерді табыстады.

Жандос Ысқақов – Қызылжар аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Мақсатымыз – әрқашан Отанға, отансүйгіштікке, туға құрмет көрсету. Бұл сувенирлердің 100 данасын дайындадық. Бір тудың астында барлығымыз бірге болайық.

Ал Петропавл жастары болса 500 шағын жалауды ұстап қаланың бас көшесіне шықты. Өткен-кеткен бұқараға бүгін мемлекеттік рәміздер күні екенін еске сала, тарту етті.

Бақдәулет Сапарханов – Петропавл қаласы жастар ресурстық орталығының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы:

– Біздің туымыз әрбір отбасының шаңырағында, әрбір жұмыс орнында, кез-келген адамның көлігінде болуы тиіс деп есептеймін.

Саят Ермек