Балалар

Спорт сарайындағы секциялар өз жұмысын бастады

Спорт сарайындағы секциялар өз жұмысын бастады. Маусымның 1-інен боксшылар, балуандар мен гимнастшылар жаттығуға қайта кірісті. Әрине, жаттығуларына байланысты біршама өзгерістер бар.

Температураны өлшеп, қолды антисептикпен өңдеу. Спорт сарайына келген жеткіншектер үшін басты ереже осы. Санитарлық талапты орындағаннан кейін олар жаттығуға асығады. Балаларды түсінуге болады. Әдетте аптасына 3 рет секцияға баратын ұл-қыздар бір ай бойы үйде отырды. Енді – еркіндік.

Спортшылардың ешбірі карантинде аяғын көкке көтеріп жатпаған. Ұл-қыздардың мақсаты – чемпион болу. Ол үшін кез келген жағдайда жұмыс істеу керек дейді Сұлтан Амангелдинов. Әрине, үйде жаттығу қиын. 3 жыл бойы боз кілемде белдескен жасөспірім соңғы бір ай бар-жоғы бұлшық еттерін шынықтырған. Соның өзі форманы жоғалтып алмауға сеп болған көрінеді.

Сұлтан Амангелдинов:

– Үйде видео арқылы жаттықтым. Ондағы жүктеме секциядағыдан мүлдем бөлек. Оған қоса, өздігіңнен шыныққандықтан, қарсыласпен кездесу қиынырақ болды. Қазір жұппен жұмыс істеуге ден қоюдамыз.

Василий Герасимов – болашақ былғары қолғап шебері. Секцияға оны жарты жыл бұрын әкесі әкеліпті. Енді ғана үйреніп, жақсы соққы жасай бастағанда карантин де басталды. Бірақ, жеткіншек жаттығуын мүлдем үзбеген.

Василий Герасимов:

– Әкем бұрын бокспен кәсіби түрде шұғылданды. Үйімізде арнайы груша бар. Үйренген соққыларды күн сайын шыңдауға тырыстым. Бірақ, залдағы жаттығуға жетпейді.

Күрес, бокс, гимнастика, шорт-трек пен велоспорт. Секциялардың барлығы жұмысын маусымның 1-інен бастады.

Александр Надобенко – А.Винокуров спорт сарайының директоры:

– Бір апта бұрын балалар ашық аспан астында жаттыққан болатын. Енді спорт сарайына көштік. Жаттығулар 2 сағатқа дейін жалғасады. Кейін барлық бөлмелерді дезинфекциялаймыз. Оған біраз уақыт кетеді. Сол себепті, жұмысын тек тегін секциялар ғана бастады. Қазір нысанда жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Екі үлкен залдағы жарықтандыру жүйесін ауыстырудамыз. Бұл мақсатқа 27 млн теңге бағытталған.

Спортшыл балалар қазір бір минутын да босқа өткізбейді. Алда оларды талай жарыс күтіп тұр. Чемпионаттар бастау алғанша дейін дайындықты шыңдау керек.

Эльмира Садвокасова