БалаларҚұрылыс

Смирново селосындағы жалғыз бөбекжай-балабақша жөнделуде

Биыл Аққайың ауданының орталығы Смирново селосында біраз нысан күрделі жөндеу көрмек. Солардың ішінде елді мекендегі жалғыз “Балапан” атты бөбекжай-балабақша да бар. Іске “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы бойынша 25 млн теңгеден аса қаражат бөлініпті. Қызу шаруамен арнамыздың түсірілім тобы танысып қайтты.

Бұл – Смирново селосындағы жалғыз бөбекжай-балабақша. Нысан осыдан 12 жыл бұрын тұрғызылыпты. Бүгінде мұнда 140 бүлдіршін білім мен тәрбие алады. Ал қызметкерлердің саны 20-дан асады. Ғимарат былтыр күрделі жөндеу көрді. Аталған мақсатқа облыс бюджетінен 9 млн теңге жұмсалыпты. Биыл да “Балапан” бөбекжай-балабақшасында қалыпқа келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Раушан Ахметова – “Балапан” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, Аққайың ауданы:

– Жөндеу жұмыстары мамырдың ортасында басталды. Ауқымды шаруа атқарылмақ. Нысанның барлық терезелері мен есіктері ауыстырылады. Тағы, екінші қабаттың еденіне линолиум төселеді. Бұдан бөлек, ғимарат ішіндегі қабырғалар боялады.

“Балапан” бөбекжай-балабақшасын жөндеуге “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы бойынша 25 млн теңгеден аса қаражат бөлінген. Нысанды қалыпқа келтіру петропавлдық «Заңғар-LTD» серіктестігіне тапсырылған екен. Қазір мұнда 10 адам еңбек етіп жатыр. Оның үшеуі Жұмыспен қамту орталығынан жіберіліпті. Жауапты компания өкілдері бүгінде істің 35 пайызы аяқталғанын айтады.

Балғат Дүйсен – «Заңғар-LTD» ЖШС өкілі:

– Бүгінде еден жабылғысын 100 пайыз жасап болдық. Қазір терезелер ауыстырылып жатыр. Барлығы – 54 терезе. Бұған дейін де мұнда пластик терезелер болған. Бірақ, олар екі шыныдан ғана тұрған. Қазір үш шыныға, яғни екі камералыға ауыстырып жатырмыз.

Жоспар бойынша маусымның соңында қалыпқа келтіру жұмыстары 100 пайыз аяқталуы тиіс. Осылайша шілде айының басында күрделі жөндеуден өткен мектепке дейінгі білім беру мекемесі балғындарға есігін айқара ашады.

Дана Ешкенова