ТЖ

Петропавлда жер үй отқа оранды

Петропавлда төтенше жағдай орын алды. Кешкілік 2-ші мамыр көшесінің бойында орналасқан жер үйлердің бірі отқа оранды.

Шұғыл хабар құтқарушыларға тұрғындардан кешкі сағат 5-тердің шамасында келіп түсіпті. Шақыртылған жерге өрт сөндірушілер дереу жетіп, қызыл жалынды 10 минуттың ішінде ауыздықтаған. Мамандардың сөзінше өрт ешкім тұрмайтын ғимараттан шыққан. Сөйтіп, дәл қасындағы 2 бөлмелі баспананы шарпыпты. Қазір тілсіз жаудың нақты неден шыққаны және шығын көлемі белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Нұрлан Күлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің бастығы:

– Тұрғын үйдегі отты ауыздықтауға 19 маман мен 4 өрт сөндіру машинасы жұмылдырылды. Төтенше жағдай кезінде баспанада ешкім болмады. Қызыл жалын шамамен 80 шаршы метр аумақты шарпыды. Алдан ала болжам бойынша тілсіз жау тұрғындардың отты дұрыс пайдаланбауынан шыққан.

Бердимурат Баймухан