Білім

Мектеппен қоштасу жиындары жаңа форматта өтті

Мәңгі есте қалар сәт – соңғы қоңырау мен мектеппен қоштасу кеші! Биыл елімізде қос іс-шара біріктіріліп, маусымның 3-і және 4-і күндері жаңа, қауіпсіз форматта өтіп жатыр. Үстіміздегі жылы өңірде 3300-ге жуық түлек үлкен өмірге қадам басты. Олардың 75 пайызын Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр.

Саят Ермек – тілші:

– Менің мектеп бітіру кешім осыдан 6 жыл бұрын болса да кешегідей есімде. Қыздар – жарқ-жұрқ еткен әдемі көйлектерде, ұлдарда – үтіктелген жап-жаңа костюм-шалбар. Акт залындағы салтанатты шарада аттестатымызды қолға алып, кешке мейрамханада атап өткен едік, бірақ биылғы түлектер үшін бәрі басқаша.

Иә, пандемия жылдар бойы қалыптасқан дәстүрге өзгерістер енгізді. Тарихта алғаш рет соңғы қоңырау және аттестат табыстау салтанаттары біріктірілді. Әдемі киім, лимузиндер мен тойларға – қатаң тыйым. Бұл күнді түлектер әсте бұлай елестетпеген еді.

Лейла Фейзиева – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің түлегі:

– Сыныптас қыздардың көбі қымбат көйлектерді әуелден тіктіріп қойған. Коронавирустың салдарынан олар қажет болмай қалды. Ал менің жолым болды, киім алып үлгермедім. Дегенмен, барға қанағат. Соңғы қоңырау мүлде болмай қала ма деп уайымдаған едік. Бүгін
көңіл күйіміз көтеріңкі, қуаныштымыз!

Ел бойынша мектеппен қоштасу шаралары міне, осылай өтуде. Әр сынып үшін бөлек сапқа тұру, ашық аспан астында, маскамен. Сақталуы тиіс қашықтық кем дегенде 2 метр, қолдауға келген туған-туысқандардың санына да шектеу – көп дегенде 2 адам. Директордың құттықтауынан соң, міне, 11 жыл күткен сәт.

Дарья Коппель – №17 мектептің үздік түлегі. Дәл қазір “Алтын белгісін” тағынып жатыр. 1-ші сыныптан бері шылғи бестікке оқыған бойжеткен филолог боламын дейді.

Дарья Коппель – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры:

– Қалаған мамандығыма түсемін деп үміттенемін. Қазірдің өзінде 4 тіл білемін әрі итальян тілін үйреніп жатырмын. Алда – ҰБТ. Ендігі мақсат -одан сүрінбей өту. Жағдай тезірек тұрақталып, сыныптастармен бұл күнді кештеу болса да атап өтсек деймін.

Ләззат Жолмұқанова – №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің директоры: 

 – Биыл №17 мектепті 65 түлек бітіреді. Соның ішінде 4 “Алтын белгі” және 3 “Үздік аттестат” иегері бар. Балалрымыз ЖОО түсуге дайынбыз деп санаймыз.

Мұндай қарапайым қоштасу шарасына ата-аналарға түсіністікпен қарауға тура келді. Бұл тек түлектің ғана емес, олардың да мерекесі ғой. “Балам жылда мектеп бітіре бермейді деп”, әке-шеше шығындалуға дайын. Алайда, мұндай салтанаттар қазір қауіпті. Вирус қайта тап беруі мүмкін.

Светлана Опрышко – ата-ана:

– Әрине, әдемі көйлек кигіміз келді. Бірақ, бастысы – бұл емес, баларымыздың денсаулығы мен амандығы. Толқып тұрмын, тұңғышым – қызым мектеппен қоштасып жатыр. Бағы үстем, болашағы жарқын болса деймін. Ал тойлауға әлі үлгере жатармыз.

Соңғы қоңырау сыңғыры, сәлден соң түлектер дәстүрге сай тілек тілеп, шарларды аспанға ұшырды. Шектеулерге қарамастан жүздерінде – күлкі, ал көздері жарқын болашаққа қарап тұр. Осы сәтте қоштасу кешінің мәні салтанат құруда емес екенін еріксіз түсінесің.

Саят Ермек