Қоғам

Көпбалалы ананың бала тәрбиелеудегі тәжірибесі

Мейірім, махаббат пен зор жауапкершілік. Көпбалалы ана Алма Банныхтың сөзінше бақытты отбасының құпиясы дәл осы қасиеттерде жатыр. Жерлесіміз ұл-қыздарының, немере-жиендерінің тәрбиесіне ерекше мән береді. Тал бесіктен балаларына бауырмашыл болуды үйретіпті.

Қазақ жетімін жылатпаған. Бұған Алма Банных есімді азаматша айқын дәлел. Ол бірнеше жыл бұрын өмірден өткен әпкесінің қызын бауырына басыпты. Осылайша 4 баланың анасы атанған.

Алма Банных:

– Балаларымды ешқашан бір-бірінен бөлген емеспін. 1-ші жолдасым өмірден өткеннен кейін, екінші рет тұрмыс құрдым. Тағдыр орыс ұлтының өкілімен тоғыстырды. Ол кісінің де екі баласы бар. Оларды да өзімнің туғанымдай көремін. Біз – интернационалды отбасымыз.

Алма Банныхтың айтуынша қоғамның негізін қалаушы ол – отбасы. Сондықтан, әрқашан бала тәрбиесіне баса көңіл бөлу қажет дейді. Азаматша ұл-қыздарын кішкентай күндерінен көпшіл етіп өсіріпті. Қазір олар түрлі салада еңбек етеді.

Алма Банных:

– Отбасында ата-ана мен бала арасында өте жылы, достық қарым-қатынас болуы қажет. Әке мен шеше әрқашан ұл-қыздарын еркелетіп, оларға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетулері керек. Және бір-бірімізге алғыс айтуды ұмытпайық.

Алма Банныхтың жанұясында өзіндік сал-дәстүрлері бар. Мереке сайын ұл-қыздары мен немере-жиендері дастархан басында бас қосады. Мұндай жиындарды нәзікжандының 10 жасар Лина есімді немересі әрқашан асыға күтеді екен.

Лина Құсайынова – Алма Банныхтың немересі:

– Менің ең сүйікті мерекем – Жаңа жыл. Себебі, бұл күні барлығымыз бірге бір шаңырақ астында жиналамыз. Сол кезде отбасылық атмосфера сезіледі. Басқада мейрамдарды да бірге қарсы алуға тырысамыз.

Бүгінде Алма Банных – аяулы әже. Ол 6 немере сүйіп отыр.

Дана Сәлімқызы