МТРА жаңалықтары

Биыл өңірде “Бастау Бизнес” жобасы аясында 950 азамат оқудан өтеді

Іс бастаймын немесе кәсібімді кеңейтемін деген жандардың құлағына алтын сырға! Биыл өңірімізде мемлекеттік “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 950 адамды оқыту жоспарланып отыр. 700-ге жуығына грант беру көзделуде. 1 айға созылатын курстар маусымның 10-ы күні бастау алмақ.

Былтырдан бері Елена Каткене мына шағын бөлмеде шай терапиясын жүргізеді. Оның сөзінше шай адамға рухани қуат беріп, жан-дүниесін тазартады, шаршағанды басады.

Елена Каткене – кәсіпкер:

– Менде шайдың түр-түрі бар. Олардың басым бөлігі тайваньдық шөптерден жасалған. Жаңа соның бірін демдедім. Бұл шай өте биік таудың басында өседі. Экологиялық тұрғыда таза саналады. Оны ішкен адамның күйзелісі жойылып, тұла бойы тазарады.

Бастапқы кезеңде шай демдеу, оның қасиетін зерттеу Еленаның жай ғана сүйікті ісі болыпты. Кейін, бұл қызығушылығы жеке кәсіп ашуға итермелеген. Жерлесіміз ойындағасын “Бастау Бизнес” жобасы арқылы жүзеге асырған екен.

Елена Каткене – кәсіпкер:

– Мен “Бастау Бизнес” жобасы бойынша бір ай оқыдым. Ондағы мамандар – өз істерінің шеберлері. Бизнес-тренерлер қалай кәсіп ашу керектігін үйретті. Оқу аяқтала салысымен емтиханды сәтті тапсырып, грант ұтып алдым. Бүгінде өзімнің сүйікті ісіммен айналысып, ақша тауып отырмын. Келушілердің саны күн сайын артуда.

Былтыр облысымызда Елена Каткене сияқты 1800-ге жуық “Бастау Бизнес” жобасының қатысушылары грант ұтып алған екен. Қазір олардың дені қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік бастама облысымызда биыл да жалғасын табады. Азаматтарға кәсіп ашудың қыр-сырын үйрету жылдағы мерзімнен сәл кешеуілірек басталмақ. Бұған себеп – елде болған төтенше жағдай.

Гүлнәзия Әбілева – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы:

– Биыл өңірімізде “Бастау Бизнес” жобасы 10-шы маусымда жұмысын бастайды. Оған екі қолға бір күрек таба алмай жүрген және өз-өзін жұмыспен қамтып отырған азаматтар қатыса алады. Ал оқу карантин ережелеріне байланысты қашықтықтан жүргізіледі. Тыңдаушылар жеке кабинеті арқылы видеоматериал қарайды. Сондай-ақ, әр қатысушының жеке бизнес-тренері болады.

Биыл мамандар “Бастау Бизнес” жобасы аясында 950 жерлесімізді оқытпақ. Олардың 675-іне грант беру көзделіп отыр екен. Бұл бағытқа “Еңбек” бағдарламасы бойынша мемлекеттен 350 млн теңгеден аса қаржы қарастырылған.

Бердимурат Баймухан