МТРА жаңалықтары

Армениядан әкелінген көліктер есепке қойылып жатыр

Армениядан көлік әкелген тұрғындардың назарына! Елімізде маусымның 1-інен бастап  аталған елден жеткізілген машиналар қазақстандықтардың тұрғылықты жеріне байланысты тіркеліп жатыр. Петропавлда бүгінге дейін темір тұлпарын 11 адам рәсімдеп үлгерген.

Петропавлдық Дулат Әбішев өткен жылы көлік сатып алған. Темір тұлпарын Армениядан әкеліпті. Көп кешікпей елімізде жаңа заң қабылданып, мұндай машиналарды Қазақстанда тіркеу міндеттелді. Ол үшін қыруар қаржы төлеу қажет болған еді. Жуырда бұл төлем түрі азайтылды. Тұрғындар 1-ші маусымнан бастап машиналарын қолжетімді бағамен есепке қоя алады.

Дулат Әбішев – қала тұрғыны:

– Заңды дұрыс түсінбей қалдық. Машинаны есепке қалай қоямыз деп жүргенде жаңа жарлық шықты. 1 маусымнан бастап есепке қоя аламыз. Қолжетімді бағамен құжаттарымызды алып, толық ресімдегелі жатырмыз.

Жаңашылдық тек Армениядан сатып алынған көліктерге қатысты. Қызмет құны – 11 946 теңге. Бұл сомаға тіркеу жарнасы, техникалық паспорт пен нөмірі үшін мемлекеттік алымдар кіреді. Бүгінде өңірімізде облыс аумағына үстіміздегі жылдың 1-ші ақпанына дейін әкелінген және Арменияда солтүстікқазақстандықтардың атына тіркелген машиналар рәсімделіп жатыр.

Алтынбек Жамалиев – СҚО ПД процессингілік орталығының аға мемлекеттік автоинспекторы:

– Көлік құралы тек Қазақстан Республикасының аумағында тұратын және Армения Республикасында тиісті құжат берілген тұлғаға тіркеледі. Бүгінгі таңда бізге кеңес алу үшін және көлікті тіркеу сұрағымен 5 жерлесіміз жүгінді. 2 адамның құжаттары толық болмады. Қазіргі уақытта олар құжаттарын Нотариалдық палатада қайта рәсімдеп жатыр.

Айта кеткен жөн, бүгінге дейін 11 азамат өзінің темір тұлпарын тіркепті. Қазір жергілікті әкімшілік полиция қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте солтүстікқазақстандықтар толғандырған сұрақтарына Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жауап ала алады.

Актолкын Солтанханкызы