ТКШ

Су астын тексеру жұмыстары жүргізілуде

Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Оның 2-уі – Петропавлда. Бірақ, көктемгі су тасқынының салдарынан Есіл өзеніне түсу, әзірге, мүмкін болмай отыр. Сондықтан, тұрғындардың дені Пестрое көліне шомылуда. Бүгінде демалушылардың қауіпсіздігі үшін су мен топырақ үлгілері алынып, көлдің түбін түрлі өткір заттардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бейресми суға шомылу маусымы биыл өлкеде ертерек басталды. Себеп – қолайлы ауа райы. Аптап ыстық патшалық құрған күндері Пестрое жағалауына ағылғандар аз болмады. Осыны ескерген санитар мамандар көлдің жағдайын бағамдамаққа, су мен топырақ үлгілерін алған. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесі бүгін белгілі болды. Пестрое таза, шомылу қауіпсіз.

Марина Давлетбаева – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы:

 – Тексеріс нәтижесі бойынша ешқандай олқылық байқалмады. Үлгілердің барлығы гигиеналық талаптарға сай келеді. Дегенмен, тұрғындарға карантин талаптарын естен шығармауға кеңес береміз. Жағажайда қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтаған жөн.

Ал қазір су айдынында – төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Олар көлдің түбін тексеріп әлек. Неге? Өйткені, астында аяқты жаралайтын неше түрлі өткір дүниелер көп. Шомылушылардың қауіпсіздігі үшін оларды алып тастау керек. Бұл – жыл сайынғы дәстүрлі шаруа және мұндай тексеріс тұрғындар тарапынан қандай да бір шағым түскен уақытта жүргізіледі.

Алтай Тезекбаев – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының жетекшісі:

 – Су астын тексеру жұмыстары осымен екі апта жүргізіліп жатыр. Суға түсетін жерлерде тастан, шыныдан, темірден, томар ағаштардан тексеріп шығады.

Жалпы, облыс аумағында 58 орында шомылуға болады. Оның 2-уі – Петропавлда. Бірі – Есіл бойындағы қалалық жағажай. Тек оған барып, суға түсуге әзір рұқсат жоқ. Себебі, көктемгі тасқыннан кейін өзендегі су деңгейі әлі де жоғары. Ал рұқсат етілген Пестрое көлінің жағалауы демалушыларды қабылдауға сақадай сай.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

 – Бұл жерге қажетті жабдықтардың барлығы қойылды. Арнайы дәретхана, орындықтар мен қосымша күннің астында қорғалатын құрылғылар әкелінді.

Шаһардың ең танымал жағажайын жарақтауға қалалық бюджеттен 15 млн теңге бағытталған.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы