МТРА жаңалықтары

Смирново селосында мәдениет үйі мен стадион жөнделуде

Аққайың ауданында биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 553 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, 70 млн теңгеден астам сома ауқымды жөндеу жұмыстарына бағытталыпты.

Смирново мәдениет үйінің жарты ғасырлық тарихы бар. Ауылдағы барлық мерекелік іс-шаралар осында ұйымдастырылады. Бүгінде мұнда 14 бірдей шығармашылық ұжым еңбек етеді екен.

Мәдениет ошағында күрделі жөндеу жұмыстары соңғы рет 2014 жылы жүргізілген. Сол кезде терезелер мен шатыр ауыстырылыпты. Биыл нысанды қайта жаңғыртуға ел қазынасынан – 18 млн, облыс бюджетінен 11 млн теңге қарастырылған. Қаржыға ғимараттың іші-сырты бүтінделуде.

Виталий Иванов – Смирново мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы, Аққайың ауданы:

– Акт залындағы ескі терезелер пластикке ауыстырылды және қабырғалары боялды. Мәдениет үйінің қасбеті де жаңартылды. Сондай-ақ, 2 қабатта да плиткалар жаңартылды.

Бұл атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Алдағы уақытта мына би бөлмесін кеңейтіп, көркейту көзделіп отыр.

Жалпы, мұндағы ауқымды жөндеу жұмыстары сәуір айынан бері жүріп жатыр. Мердігердің айтуынша, мәдениет үйін қалыпқа келтіру барысы жуырда тәмамдалып, нысан қолданысқа тапсырылмақ.

Александр Иванов – “Доломит” ЖШС директоры:

 – Жоспарланған шаруа кесте бойынша жүріп жатыр. Бірінші қабатта тактильді плитка жабыстыру мен кәрізге септик жүйесін тарту ғана қалды. Күрделі жөндеуге 15 адам жұмылдырылды. Оның 4-уі жұмыспен қамту орталығынан жолданды.

Қуантарлық өзгерістер Смирново стадионын да күтіп тұр. “Гранит М” серіктестігінің мамандары волейбол алаңын қалыпқа келтіріп жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 15 млн теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Рашид Анафьянов – Аққайың аудандық балалар-жасөспірімдер клубының директоры:

– Стадионда футбол алаңы да жаңартылады. Мүлдем басқа кейіпке енеді. Жасанды жасыл жабынды төселеді. Аталған жөндеу жұмыстарымен “Құлагер 2020” серіктестігі айналысатын болады. Бұл шаруаға облыстық бюджеттен 30 млн теңге бөлінді.

Спортпен шұғылданамын деген ауылдықтар стадионнан бөлек, Смирновода көтерілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бара алады. Су жаңа нысанды салуға облыстық бюджеттен 553 млн теңгеге жуық қаржы бағытталып отыр.

 

 

 

Ешкенова Дана