Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік отырысы

Биыл лагерьге жолдама алатын оқушылардың саны 4 мыңға кем болмақ. Санитарлық талаптарды сақтай отыра жазғы демалыс орындары тек 6200 ұл-қызды қабылдай алады. Бұл туралы облыстық әкімдік отырысында айтылды. Жиында өңір үшін өзекті мәселе – ауыз су жайы да көтерілді. Биыл таза тіршілік көзіне қолжетімділікті арттыру үшін 8,7 млрд теңге бағытталған.

Аурулардың 80 пайызына сапасы төмен су себеп. Бұл – дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты. Сондықтан, ұлт саулығы үшін халықты жаппай таза тіршілік көзімен қамту керек. Бүгінде 254 мың тұрғыны бар өңірдегі 396 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Былтыр аталған мақсаттағы жұмысты атқаруға 3,7 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір халқының ауыз суға қол жетімділігі 89,9 процентке дейін артты. Апат саны азайды. Өткен жылы қаладағы сумен жабдықтау желілерінің апат саны 11 процентке төмендеді. Ал топтық су құбырларында 2017 жылмен салыстырғанда 2 есе төмендеді.

Бірақ, әлі де таза ауыз су проблемасы бар. Оны облыстағы 239 ауылда шешу қажет. Биыл тіршілік көзіне қолжетімділікті арттыру үшін 8,7 млрд теңге бағытталған. Бұл былтыр қазынадан бөлінген қаражаттан 2,5 есеге көп. Тиісінше, атқарылатын шаруа да ауқымды – 288 шақырым желі жөндеу көреді. Біржылдың ішінде 60 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәселен, тіршілік көзімен Уәлиханов ауданына қарасты Қулыкөл мен Қараталды қамтимыз. Елді мекендерде су мүлдем болған жоқ. Оған былтыр көктемдегі тасқын кезінде көзім жетті. 3 күн бойы сонда болып, жағдаймен жіті таныстым. Ауылдардың әлеуеті зор. Сондықтан, биыл 545,5 млн теңгені дәл осы мақсатқа бағыттап отырмыз. 1 мыңға жуық адам ұзақ жылдарға созылған ауыз су проблемасын енді ұмытпақ.

Суды ауылға тарту бір бөлек, оны әрбір көше арқылы өткізу керек. Қазір көздегеніміз – осы. Елдімекендіктер енді боран, жаңбыр астында, түн ортасында су үшін көше кезіп жүрмейді. Осылайша ауылдағы ағайынның әрбір төртіншісі тіршілік көзін үйдің ішіне дейін тартуға мүмкіндік алмақ. Бірақ, шаруаны атқарарда бір ғана бюджетке көз тігіп отыруға болмайды. Аграрийлер өздерінің селоларындағы тұрғындарға көмектесулері тиіс. Соңғы жылдары қазынадағы қаражат жазғы лагерьлер есебінен де үнемделуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы жылы 1-ші және 10-шы сынып аралығындағы оқушылардың саны – 62 мың адам. Бюджет есебінен жағдайы төмен отбасылардан 9 мың бала әр түрлі демалыс түрлерімен қамтылатын болады. Санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтаумен 13 қала сыртындағы лагерьлерде 6 мыңнан астам бала демалады.

Өткен жылы олардың саны 10 мыңнан асқан еді. Санитарлық талап осы. Биыл 4 мыңы лагерьден қағылады. Яғни, инвесторлардың табатын пайдасы да азаймақ. Ақшаға кенелеміз деп жолдама құнын өсіруге жол жоқ.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Жолдамалардың құны 16 мың теңгеден бастап, 35 мыңға дейін жетеді. Жағдайы төмен отбасы балаларын лагерьге жіберу үшін бюджеттен 60 млн теңге бөлінген. Тағы 511 жолдаманы оқушыларға әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер сыйлауда.

Сәті түспей, лагерьге бара алмағандардың да іші пыспайды. Барлық оқушылардың алдағы 3 айды тиімді өткізуі мақсатында бағдарлама құру керек. Ол үшін ондаған үйірме жұмыс істейтін Оқушылар сарайы, қосымша білім беру ұйымдары, спорт секциялары мен аула клубтары бар.

 

Эльмира Садвокасова