МТРА жаңалықтары

Құмырсқалардың табиғатқа берер пайдасы

Құмырсқалар илеу салудан басқа қандай қызмет атқарады дейсіз ғой. Дәл осы сұрақтың жауабын көбі біле бермейді. Алайда, еңбекқор тіршілік иелері ағаштарды зиянкес жәндіктерден қорғайды екен. Әсіресе, орманға тигізер пайдасы мол. Қазіргі күні Орлиногор орман шаруашылығында оларды көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орлиногор орман шаруашылығы 4 ауданға тиесілі аумақта орналасқан. Яғни, Айыртау, Тайынша, Ақжар мен Уәлиханов аудандары. Оның жалпы көлемі 37 мың гектардан асады. 24 мыңнан көбі – орманды алқаптар. Өткен аптада біз табиғаты көркем жерге барып, өрттің алдын алу жұмыстарымен танысқан болатынбыз. Сол уақытта жергілікті орманшылармен бірге құмырсқалардың тіршілігіне де куә болдық.

Табиғат, қоршаған орта, жан-жануарлар – барлығы бір-бірімен өзара тығыз байланыс жасайды. Мұнда да сол жүйе. Әлемдегі ең еңбекқор жәндіктердің илеуінде қыж-қыж қайнаған тіршілік. Миллиондаған құмырсқа жаратылғалы бері ДНК-ларында сақталып қалған миссияны атқаруда. Олардың экожүйеге қосатын үлесі зор.

Тимофей Семёнов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:

– Орманда илеудің көп болғаны жақсы. Себебі, құмырсқалар ағаштарға залал тигізетін зиянкес жәндіктермен қоректенеді. Осылайша жасыл желектің дұрыс өсуіне үлестерін қосады. Бір илеу маңындағы 10-даған ағашты тазартады.

Сәуір мен мамыр айлары құмырсқалардың ең белсенді кезі екен. Осыны пайдаланып орманшылар оларды көбейту шараларын жүргізуде. Мамандар илеудің үстіңгі бөлігін қапқа салып ап басқа жерге қояды.

Тимофей Семёнов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары:

– Мұнда қарағай, көктерек пен қайың ағаштары өседі. Оларды зиянкес жәндіктерден қорғау мақсатында бұл шараны жыл сайын көктем мен жаз уақыттарында жүргізіп тұрамыз. Жаңағы біз апарған бөліктен бір жылдың ішінде үлкен илеу пайда болады.

Сондай-ақ, мамандар, орманда қараторғайға арнап ұялар жасайды екен. Қараторғай да ағаштардағы құртпен қоректеніп, жасыл желекті зиянкестерден емдейді. Жалпы, мұнда жылына 30-ға жуық ұя орнатылады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан