Қоғам

Мемлекеттік қызметкерлер көпбалалы отбасыны құттықтады

Балаларды қорғау күнінде Латфулиндер отбасы да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті өкілдері мерекеге орай құттықтау шарасын ұйымдастырды.

Вадим және Оксана Латфулиндер 10 бала тәрбиелеп отыр. 7 ұл және 3 қызы бар.
Үлкені – тұрмыста, ал кішісі алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын аттамақ. Бүгін көпбалалы отбасыны мамандар мерекемен арнайы құттықтай келген.

Азық-түлік, түрлі тәттілер мен ойыншықтар. Сыйлық алған балалардың қуанышында шек жоқ.

Вадим Латфулин:

 – Мереке күні келіп, балаларымызды қуантып жатқандарыңыз ерекше сезім сыйлайды, жүрекке жылу береді. Ниеттеріңізге мың алғыс. Сіздер сияқты ізгі жандар көп болсын.

Ұл-қыздар кішкентай болса да әке-шешесіне қолғанат екен. Қыздар үнемі анасына үй шаруасына жәрдемдессе, ұлдар жағы әкесімен бірге сырттағы шаруаларды реттейді.

Давид Латфулин:

– Біздің қояндарымыз бар. Оларға інім екеуіміз шөп жұлып береміз. Әкемізге машина жөндеуге көмектесеміз. Үлкен аға-әпкелерім маған үнемі сабақ істеу барысында қолдау көрсетеді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті департаментінің қызметкерлері көпбалалы отбасыларға сыйлық жасауды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдеседі.

Қайрат Садықов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің баспасөз хатшысы:

 – Жуырда 3 жасар екі көзі жоқ балаға көмек көрсеттік. Содан кейін осы Жұмысшы кентінде өрттің салдарынан баспанасыз қалған отбасыға көмек жасадық.

Мамандар негізі бір жылдың ішінде көпбалалы 15-тен астам отбасыға көмек көрсетеді екен.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы