МТРА жаңалықтары

“Бастау” жобасының қатысушысы

Бизнес жүргізудің қыр-сыры. 2019 жылы Уәлиханов ауданы бойынша 175 адам “Бастау” жобасына қатысып, өз ісін ашуға не өркендетуге мүмкіндік алған. Іскер азаматтардың 70-тен астамы грант иеленіпті. Солардың бірі – Кішкенекөл ауылының тұрғыны Салихат Әлібаева. Нәзікжанды аудан орталығында сұлулық салонын ашқан.

Салихат Әлібаева мамандығы бойынша мұғалім. Бірнеше жыл бойы есепші болып еңбектеніпті. Бірақ, жүрегі үнемі әдемілікті, нәзіктікті қалаған екен. Студенттік кезінен ол құрбы-құрдастарының беттерін әрлеп, шаш үлгісін жасап, түрлі жиындарға жинапты. Бірте-бірте бьюти салада жұмыс істеу қызығушылықтан арманға айналған. Арман ақ қайыңдар өлкесінде орындалды. Нәзікжанды тұрмысқа шыққаннан кейін 2017-де Уәлиханов ауданына қоныс аударыпты.

Салихат Әлібаева – кәсіпкер, Уәлиханов ауданы:

– Осы жаққа келерде көп ойландым. Не істей аламын деп. Ауылдық жер ғой. Ойлана-ойлана «перманентке оқып алсам қалай болады» деп жолдасыммен ақылдастым. Ол маған қолдау көрсетті. Осылайша, кәсібімді аштым.

Кәсіпті бір мезетте табыс көзіне айналдыру оңай болған жоқ. Әсіресе, клиенттік базаны қалыптастыруға біраз уақыт кетіпті. Шеберлігін шыңдап, барлық нәзікжандылардың көңілінен шыққаннан кейін келушілерді жинау емес, оларға бос уақытты табу қиынға айналған.

Меруерт Санақ – Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

 – Бірінші келгеннен бері мен тұрақты клиентіне айналдым. Үнемі келемін. Барлығын тез әрі әдемі істеп береді.

Шебердің көрсететін қызметтері сан алуан. Шашты жинайды, бетті әрлейді, қажет болса теріні жасартады. Кірпік өсіру мен қасты түзету де бар. Бастысы бір орында тұрмай, әрдайым дамуды ұстаным еткен. Былтыр іскер нәзікжанды “Бастау” бағдарламасы бойынша білімін шыңдап, 250 мың теңге көлемінде грант иегері атаныпты. Қаражатты ісін өркендетуге жұмсаған.

 

Эльмира Садвокасова