Қоғам

Қаладағы балалар алаңқайларының бірінде ойнау қауіпті

Арна редакциясына 20-шы ықшам ауданның тұрғындары шағынды. Олардың айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылған су жаңа ойын алаңқайы бүгінде қирап, жарамсыз болып қалған. Асыр салып ойнау мұнда қауіпті, алайда жергілікті жеткіншектерге бұл тоқтау емес. Ата-аналар қауымы алаңдаулы. Бұдан бөлек, Петропавлда әйнектен жасалған аялдамаларды да қирату фактілері тыйылар емес.

Қизатов көшесінің бойы. Сырт көзге заманауи әрі тартымды ойын алаңқайы. Тек шынайы келбетін көру үшін жақындау керек.

Әткеншектің сықырына көз жұма қарауға болады болады енді, ал мәселен, мына дүниені “карусель” деп айтуға тіпті келмейді. Айналатын бөлігі опырылып түскен, жерде жатыр. Қалашықтың да, ондағы сырғанақтардың да сиқы – көз алдарыңызда.

Саят Ермек – тілші:

– Алғашында балаларға қуаныш сыйлау үшін салынған бұл алаңқай бүгінде сол балаларды ауруханадан бір-ақ шығаруы мүмкін. Шынымен, асыр саларлық дүние мұнда жететін, бірақ көбісі ойнауға жарамсыз. Мәселен, мына нысанның қауіпсіз емес екенін байқау үшін инженер болудың қажеті де жоқ.

Мынадай бөрене басына түскен бала оңбайды. Бұған қарамастан алаңқайда жеткіншек атаулы көп. Оларға, енді, бір жерде ойнау керек қой! Әйтеуір, жоқтан тәуір деп, секіріп-қарғып жүр. Көбінің жанында қадағалайтын ересектер де жоқ. Ал Надежда Багнюк кішкентай ұлын көзден бір сәтке де таса қылмайды. Неге екені айтпаса да түсінікті шығар.

Надежда Багнюк, қала тұрғыны:

– Қала билігі алаңқайдың жағдайына көңіл аударса деген тілек бар. Ең құрығанда сынған дүниелерді жөндеп берсе ғой. Көрші үйлерден балалар келіп, ойнайды мұнда. Біреуінің басына құлап, жазым қыла ма деп жаныңды шүберекке түйіп жүргенің.

Құлағанды сынған сүйек пен ауыр жарақаттан қорғайтын мына резеңке жабындының жағдайы да қазір көңіл көншітпейді. “Ескірген” деп айтуға да ауыз бармайды. Алаңқай бірнеше жыл бұрын орнатылған. Тұрғындардың дені оның сапасыз жасалғанына сілтеп отыр, ал енді бірі жұрттың селқостығы мен жауапсыздығы себеп дейді.

“Барды бағаламайды” деп қалалық әкімдік өкілдері де айтты. Бірақ, камераға емес, телефон тұтқасына. ТҮКШ бөлімінің мамандары сұхбатқа әзір уақыт жоқ деп жауап қайырды. Сөздерінше, алаңның мерзімінен бұрын тозуына ұқыпты қолданбаған азаматтардың өздері кінәлі. Сөздің жаны бар, өйткені, мына гномды астындағы серіппесінен жел ұшырып әкетті дегенге сену қиын. Бәз біреудің жат қылығына көбірек ұқсайды. Қоршау да қираған, айнала толған қоқыс. Ал ойын орны жөнделе ме, жоқ па – сұрақ ашық. Келесі проблема бірнеше ауланы емес, білдей бір қаланы толғандырады.

Саят Ермек – тілші:

– Шыны керек, шаһарда орнатылған мынадай шыны аялдамалардың жағдайы жайлы сюжет түсіру жыл сайынғы дәстүрге айналып барады. Жауаптылар сынған әйнектерді ауыстырудан шаршамайды, ал бұзақылар оны сындырудан шаршамайды. Міне, мәдениетіміздің көрінісі!

– Культура наша, наверное, такая. Вот и все больше ничего. Несознательные люди.

– Ішімдікке сылқия тойып алады да жұдырығына ерік береді, ал кейбірі тентек сусыз-ақ ерігіп қиратады. Дені сау адам бұлай жасамауы тиіс.

Бойдағы сарқыған күшін қайда жұмсарын білмей ме, әйтеуір қоғамдық мүлікке қол салатындар баршылық. Мұны қираған аялдамалар, жарық бағаналары мен шағын мүсіндердің көптігінен байқауға болады. Мәселен, көздері ойылып, құлақтары шабылған мына елік пен жолбарыс кімге кедергі келтірді десеңізші?! Полиция департаментіндегілер вандализммен күресіп жатырмыз дейді, тек фактілер азаяр емес. Тіпті, шаһар бойынша орнатылған камералардың көптігі де, әкімшілік жауапкершілік те бұзақыларға тоқтау емес көрінеді.

Айдын Ақмағамбетов – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– Мұндай тәртіпбұзушылықтар үшін 5 АЕК, яғни 13 мың теңгенің айыппұлы не 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Егер жат әрекет қайталанса, жаза да қатаңдатылады. Бұзақылық фактісінің куәгері болған азаматтарға бірден полицияға хабар беру керек. Сонда, оны тауып, жазалау жеңілірек әрі тезірек болады.

Ал аялдамалар емес, мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіштерді бүлдіруге қолы барғандардың қылмыстық жазаға тартылатынын да ескеру керек.

Анар Ахметжанова – СҚО ПД анықтау басқармасының анықтаушысы:

– Күдікті тұлға 160 күнге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 40 тәулікке қамауға алынады.

Не 430 мың теңге айыппұл. Ақыр аяғында бұл біздің туған қаламыз емес пе?! Оның таза, көрікті, бастысы, бүтін болуы әрқайсысымызды толғандыруы керек.

 

 

 

 

 

Саят Ермек