Қоғам

«Таза жағалау» акциясы мәресіне жетті

«Таза жағалау». Осындай атаумен өңірде бір ай бойы жалғасқан республикалық акция мәресіне жетті. Мамандардың сөзіне сенсек, олар тазалық шараларын күн сайын өткізіпті. Нәтижесінде, өзен-көлдердің маңынан 50 тоннаға жуық қоқыс шығарған. Тіпті, суда заңсыз құрылған ауларды да жинаған екен.

Өзеннің жағасы – қарасаң, көз тоймайтын көрініс. Күн ысыған кезде солтүстікқазақстандықтардың көбі осында келіп демалғанды жаны сүйеді. Тұрғындар тамаша табиғатқа тамсанып, күнделікті күйбің тіршіліктен бір сәтке болсын тынығады. Алайда, тынығып қана қоймай, маңайды ластап кететіндері бар. “Бала, баланың ісі шала” дейін десек келмейді-ау, сірә. Осыны жасайтын ересектердің өзі. Жастар да қалыс қалып жатқан жоқ. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолына қолғап пен қап ұстаған мамандар айналаны қалдықтан тазалап жүр. Іске білек сыбана кірісіп кеткен.

Қуантай Сәлімов – СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

– Солтүстік Қазақстан тұрғындарын тазалық сақтауға шақыратын едім. Табиғатты аялап, өздері отырған жерді таза ұстаса жақсы болар еді. Бұл өзіміздің және балаларымыздың денсаулығына пайдалы.

Қаптап жатқан құтылар мен бірреттік ыдыстар. Өзен жағасында самсап жатқан қоқыстың басым бөлігі пластик пен полиэтиленнен жасалған. Бұл дүниелердің табиғатқа келтірер зияны көп. Өзінен улы затты бөліп қана қоймай ыдырауы да жарты ғасырлық уақытты алады екен. Сондықтан, мамандар, әсіресе, осы заттардың көзін жоюда.

Амангелді Қажығалиев – СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Осы акцияда мемлекеттік органдар су айдындарын тазалауда. Су маңайына келгенде жолдың жағасын қоқыстарын тастап кетеді. Егер қоқыстарды жинап жүрсе дұрыс болар еді.

Еңбекқор әрі белсенді жандар 2 сағаттың ішінде 30 қап қоқыс жинады.

Мамандар жағалауды тазалап болған соң, қайықпен суға шықты. Мұнда заңсыз орнатылған балық аулау құралдарын жинады.

Маржан Қасымбек – тілші:

 – Мамандар небәрі 20 минуттың ішінде 5 бірдей тордың көзін жойды. Ал мынау – 6-шысы. Судың үстінде, қайықта тұрып торды алу қиынның қиыны екен. Абай болмасаң, әп-сәтте құлап кетуің мүмкін.

Бейберекет жатқан құрал-жабдықтарды алып жүріп, бөгетке жақын жерде заңсыз балық аулап тұрған жандардың өздері де кезікті. Алдымен оларға ескерту жасалды. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда жауапкершілікке тартылады. Яғни, әкімшілік хаттама толтырылып, 20 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынбақ.

Маржан Касымбек