Құқық қорғау органдары

Құтқарушылар рейдтік шараларды жиілетті

Облыстық ТЖД қызметкерлері кезекті рейд шарасын өткізді.

Биыл өңірімізде шомылу маусымы ерте басталды. Күн ысып, жағажайға келушілердің қатары қалыңдады. Сондықтан, құтқарушылар да өзен-көлдің маңында қадағалау жұмыстарын күшейтуде. Мамандардың айтуларынша суға түсушілердің көбі қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Ішімдікке сылқия тойып алып, рұқсат етілмеген жерде шомылады, балаларын қараусыз қалдырады. Ал бұл өз кезегінде түрлі оқыс жағдайдың орын алуына әкеп соқтыруы мүмкін. Келеңсіз жайттарды болдырмау мақсатында құтқарушылар мен еріктілер судың жағасында жерлестерімізге қауіпсіздік қағидаларын тағы бір қаперге салды.

Әлібек Боромбаев – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс офицері:

– Шомылу маусымы басталғалы бері рейдтік шараларды жиі өткізуге басымдық беріп жатырмыз. Демалушыларға қарапайым сақтық ережелерін түсіндірудеміз. Сондай-ақ, еріктілер қауіпсіздік қағидалары жазылған жаднама қағаздар таратуда. Еске сала кетейік, рұқсат етілмеген жерде суға түскені үшін 5 мың теңгеден аса айыппұл қарастырылған.

 

 

Ешкенова Дана