МТРА жаңалықтары

Әкеншектер әлемі өз жұмысын бастады

Балалар мерекесінде қаладағы “Аттракциондар әлемі”-нің жұмысы қайта жанданды. Сауық нысанының қызметі бұрынғы режим бойынша жүргізілмек. Карантиндік шектеулерге байланысты 50-ге жуық әткеншектің 45-і ғана жұмыс істеп тұр.

Әткеншектер әлемі – тұрғындар мен қала қонақтарының демалатын сүйікті жерлерінің бірі. Күн жылыған кезде бұл мекенге балалар да, үлкендер де келіп серуен құрып, уақыттарын қызықты өткізеді. Биыл сауық нысанының есігі жылдағыдан кештеу ашылды. Осыдан бірер күн бұрын мамандар құрылғылардың жұмысын жіті тексеріп шыққан болатын. Келушілерге көтеріңкі көңіл-күй мен ғажайып естелік сайлау үшін де тыңғылықты дайындалған.

Татьяна Колчева – “Мир аттракционов” ЖШС қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері:

– “Аттракциондар әлемі”-нің жаңа маусымын бастамас бұрын ойын құралдарын тексеріп шықтық. Олардың техникалық жай-күйі мен пайдалану қауіпсіздігінің сақталуын жіті бақыладық. Барлығына толық көз жеткізген соң ғана іске қосып отырмыз.

Карантин талабына сай, енді мұнда келіп-кетушілердің саны шектеулі. Яғни, бір мезетте «Аттракциондар әлеміне» 100 кісіден артық адам кірмейді. Тұрғындардың бетінде міндетті түрде маска болуы керек! Сондай-ақ, төлем де бұрынғыдай қолма-қол емес, арнайы карталар арқылы жүзеге асырылуда. Сауық нысаны да әр 3 сағат сайын зарарсыздандырылып тұрады.

Александр Козлов – “Мир аттракционов” ЖШС директоры:

– Мұнда келіп-кетушілер жіті тексерілетін болады. Тұрғындардың сауық алаңына кірмес бұрын дене қызуы өлшенеді. Егер адамда бетпердесі болмаса, әткеншектерге отыру тұрмақ, мұнда қыдыруына қатаң тыйым салынады. Сол себепті, демалушылардан тиісті талаптарды ұстануларын сұраймыз.

Аттракционның жұмыс режимі бұрынғы қалпында қалмақ. Ойын бөлмелері мен батуттар, әзірге, қолданысқа берілмейді екен. Ал балалар мен олардың ата-аналары әткеншектердің жұмысын бастағанына өте қуанышты.

– Мен әжеммен келдім. Алған әсерім ерекше. Карантинге байланысты мұнда ұзақ уақыт болған жоқпын.

– Адамдар өте көп, әткеншектерді сағынғандары көрініп тұр.

Аттракциондарда санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Оны жауапты органдардың мамандары да келіп қадағалап отырады екен.

Асқар Хабибулин – қала әкімінің орынбасары:

–  Қаладағы жағдай тұрақты. Сол себепті, аттракциондарды ашуға болады. Бірақ, аспан астындағылары ғана өз жұмысын жалғастырады. Қалғандары жабық тұр. Әткеншектер әлеміндегі санитарлық жағдайлар бұзылса оның басшылығы жауапқа тартылады.

Жалпы, “Аттракциондар әлемін”-де 50-ге жуық әткеншек бар. Бұл жолы олардың тек 45-і ғана іске қосылды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан