МТРА жаңалықтары

Ботаникалық бақ жаңғыртудан кейін қайта ашылды

Осыдан бірер жыл бұрын жабылудың алдында тұрған қалалық ботаникалық бақ енді серуен құрып, суретке түсетін таптырмас орынға айналды. Ауқымды жаңғыртудан кейін оранжерея бүгін есігін айқара ашты. Оның алғашқы меймандары – аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен мереке иелері – балалар.

Мұндай оранжерея бізде ғана бар. Сондықтан, Петропавл ботаникалық бағын “Солтүстік маржаны” деп бекерге атамайды. Тек әбден ескірген нысан осыдан бір жыл бұрын бұл атаққа лайық болмаған еді. Ал қазіргі кейпін көріп, еріксіз таңдай қағасың. Өзгерістердің құны – 200 млн. 90-ы абаттандыруға жұмсалған. Мұндағы әрбір композиция – бірегей, өзге көшірмесі жоқ. Бір ғана “қалықтаушы бақтардың” өзі неге тұрады?

Ботаникалық бақтың жаңа кейпі – елордалық дизайнерлердің еңбегі. Әрлеушілер іске астанамыздан әдейі шақыртылған. Бұл туынды – мәселен, ғашықтар бұрышы. Мұнда сүйіктіңізбен ренжісіп қалғанда келу керек екен. Өйткені, гүлге толы бақ пен жүректердің арасында тіл табысу жеңілірек.

Ал бұл тағы бір махаббат символы – аққулар бейнеленген субұрқақ. Істен шығып, жылдар бойы жай тұрған фонтанға қайта жан біткен.

Асылбек Баганов, «Shatyr Group KZ» ЖШС жетекшісі:

– Бәрі қолдан жасалған. Біздің суретшілер мен мүсіншілеріміздің еңбегі. Бұл – жай ғана гипс емес, білдей бір металл құрылым. Бәрі технологияға сай, сапалы жасалған. Қыстан бұзылмай аман-есен шықты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Екі жыл бұрын оранжереяның жабылмақшы болғанына қазір сену қиын. Бірақ, жеке өзім бұған жол бермеймін деп шештім. Керісінше, оны абаттандырып, қаланың ең көрікті жеріне айналдыру межесін қойдым. Нәтиже – көз алдарыңызда. Бұл – бірегей бақ. 108 жылдық тарихы бар нысан – масыл емес, мақтанышымыз болуы керек.

Сену қиын, әрине, бүгінгі сарқырамалы альпинарий – кешегі лай-батпақты аумақ. Түстердің сан алуандығы тыныштық пен сабырлық атмосферасын сыйлайды. Әрбір өсімдіктің маңында – жарық шамдары. Бір сөзбен айтқанда ертегі әлемі іспеттес. Бірақ, бұл көрініске болашақ спорт кешені кедергі келтіруі мүмкін. Көрші аумақта бой көтеруі тиіс зал жасыл желекке аудай қажетті күн сәулелерін көлегейлеп тастуы мүмкін. Бұл – ботаникалық бақ агрономдарының басты үрейі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір спорт кешенінің жобасы министрлікте экспертизадан өтіп жатыр. Егер шынымен, оранжереяға кедергі келтіретіні белгілі болса, өз басым құрылысқа түпкілікті қарсымын.

Әрине, өйткені бақтың ішін де, ал енді сыртын да жердегі жұмақпен теңестіруге болады. Өсімдіктермен бірге, фауна да ұмыт қалмаған. Жан-жануарлар үшін жаңа қаумалдар жасалыпты. Жаңарып, жақсарған оранжереяның алғашқы қонақтары – кішкентай балалар.

Мереке күні келген жеткіншеткер де, оларды ерткен ересектер де таңданыстарын жасырмады.

 

 

 

 

 

Саят Ермек