МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Ауылдар гүлденіп жатыр

Ауылдардағы өмір қаладағыдан кем болмауы тиіс. Мұндағы жұртшылыққа да орталықтандырылған су жүйесі, тегіс жол сияқты игіліктер қажет. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік облыс бойынша 307 болашағы зор елді мекенді анықтап, гүлдендіріп жатыр. Бұл жайлы аймақ басшысы Қызылжар мен М.Жұмабаев аудандарына жасаған іссапарында айтты. Құмар Ақсақалов абаттандыру мен жөндеу жұмыстарының барысын бағамдап, диқандармен әңгімелесті. Одан қалды, мал баптап отырған бизнесвуменмен де тілдесті.

Асаново селосы. 1250 тұрғыны бар. Қызылжар ауданындағы бұл қарапайым ауыл биыл үлкен бір құрылыс алаңына айналмақ. Жолдарға – асфальт, көшелерге – жарық шамдары, таратушы су құбырлары мен электр сымдары да жөнделеді. Осының бәріне “Ауыл ел бесігі” аясында 156 млн теңге бағытталып отыр.

Әмір жігіттің қуанышына себеп – жаңаратын мектеп. Оны жөндеуге тағы 80 млн-дай бөлінген. Асаново жұрты көптен күткен ұлы той. Білім ұясындағы мына терезелер, мәселен, 40-ты алқымдап қалған. Орнын енді пластик баспақ.

Светлана Черкасова – Асаново орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Ішкі қабырғалар тегістеліп, әрленеді, шатыр алмастырылады. Болашақта жылыту жүйесі алмастырылса деген тілек бар. Дегенмен, қуанышымызда шек жоқ. Мектепте 223 бала оқиды, бірақ оқушылардың саны жыл санап артып келеді. Сондықтан, жөндеу бізге қажет болды.

Мұның бәрі, әрине жақсы. Бірақ, жұмыстар ертең сапасыз атқарылып жатса, тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылады емес пе?! Бұл тек асановтықтарға ғана қатысты емес. Биыл 300-ден астам болашағы зор ауылды осындай оң өзгерістер күтіп тұр. Өзгерістер шынымен оң болуы үшін бақылау керек. Ең алдымен бұқара тарапынан. Мердігерлер де шаруаны тиіп-қашпа атқара салмауы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мониторинг жасайтын азаматтарға мердігерлер бүкіл қажетті ақпаратты беруі керек. Қандай материалдарды пайдаланып жатыр, олардың сапасы қандай және тағысын-тағы. Жақсылап, сапалы жұмыс істеу керексіздер және жұмысшыларды солтүстікқазақстандықтардың арасынан алуларыңыз қажет.

Булаево қаласы. Әкім жол тартқан келесі елді мекен. Қолақпандай 1 млрд 200 млн. Осынша қаржы М.Жұмабаев ауданының орталығын көркейтуге құйылып отыр. Жап-жаңа ойын алаңқайында балаларын серуендетіп жүрген аналар қауымы кезек бізге де жетті-ау деп ырза.

Айгүл Байжігітова – Булаево қаласының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Иә, Булаево қаласы көркейіп жатыр. Ата-аналарға, әсіресе жақсы. Балаларымыз таза ауада асыр салып ойнап жүр. Коронавирусымыз сәл басылып, оңды болды.

Алаңқайлар – үлкен істің бір бөлігі ғана. Қазір Булаево көшелерінде ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Басты жолдарға – жаңа асфальт. Ал сапасы қалай? Бағамдалды.

Облыс әкімінің алдында жаңа ғана төселген жабындыдан сынама алынып, қалыңдығы сызғышпен тексерілді. Нәтиже – 80 мм. Бұл – норма.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 8 см қалыңдықты мердігерлер міндетті түрде сақтауы керек, оны мониторинг жасайтын топ қадағалауы керек. Техникалық қадағалау жүргізетін фирмалардың бәрінде мұндай техниканы міндетті түрде сатып алуы керек. Осылайша асфальт қалыңдығы мен қиыршық тас сапасы тексеріліп, сынамаларға зертханада анализ жасалады.

Булаеводағы 4 мектептің бірі. Қазақ тілінде білім беретін жалғыз қара шаңырақ. Ғимарат жөнделмегелі жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Биыл қаржы бөлінді, жұмыстар басталып кетті.

Гүлнәр Таласбаева – М.Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Күделі жұмыс атқарылайын деп жатыр. Жол картасы бойынша бұл мектепке 67 млн теңге бөлінді. Шатыр, жылу мен жарық жүйелері мен едендер мен есіктер алмастырылады. 1-3 қабаттардың кабинеттері мен дәліздері безендіріледі.

Мектептен 100 метр жерде – дене шынықтыру орталығы. Ол былтыр ашылып, булаевтықтар бір қуанған еді. Қуаныш енді еселей түседі. Жанынан жабық хоккей корты салынады, стадион жөнделеді. Бәрі бір жерде. Мұндай кешен болашақта әрбір аудан орталығында болады деп сендірді әкім. Осылайша спорт – ауыл жұрты тіршілігінің айнымас бөлшегіне айналуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әр аудан орталығында спорт кешендерін ашып, кәдімгідей облыс біріншіліктерін өзкізуіміз тиіс. Хоккей, футбол, баскетбол және волейбол – спорттың осы негізгі деген 4 түрінен чемпионаттар ұйымдастыратын боламыз. Жастары бар, балалары бар, үлкендері бар – аудандықтар бір біріне барып, қатыссын. Адамдар спортпен айналысуы керек, бірақ негізгі мәселе – базаларды дұрыстау.

Абаттандыру тақырыбынан тура мал шаруашылығына көшейік. М.Жұмабаев ауданында ірі қара баптап отырған нәзікжанды бар. Бәтима Шарманова қыздарымен былтыр өңірге елордадан көшіп келген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Словакиядан симментал сиырларының 100 басын әкеліп, шаруашылық ашқан. Қазір ірі қара – жайылымдарда, қысқа қарай төлдеп, сүт бере бастауы тиіс. Жылына кәсіпкер ақтың 450 тоннасын өндіріп, жергілікті зауыттарға өткізбекші. Бүгінде база салып, ішіне сауу қондырғысы мен салқындатқыш танкерлерді орнатып жатқан көрінеді.

Бәтима Шарманова – “Bereke SKO” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

 – Бәріміз де ауылдан шыққан баламыз ғой, неге кекенін білмеймін, жермен жұмыс істегім келді. Осы жақтың маған жері ұнайды – шөбі шүйгін, жайылымдары жайсаң.

Шыны керек, мұндай батылдық бизнесвуменмен жүздеспекке арнайы келген аймақ басшысын таңдай қақтырмай қоймады. Құмар Ақсақаловтың айтқан алғашқы сөзі – “Жарайсыз”! Өйткені, мал баптауды қолға алудан әйелдерден бұрын ер азаматтардың көбі сескенеді. Тәуекел тым жоғары. Әкім шаруаға тек сүт сатумен ғана шектелмей, болашақта ірімшік қайнататын цех ашуға қолқа салды. Жергілікті билік қажет болып жатса, көмектесуге әзір.

Ал Советское ауылындағы мына бір шағын ғана нысанда отбасылық бизнес дамып жатыр. Тулетаевтар жанұясы құс өсіреді. Бройлер тауықтары, үйрек пен қаз балапандарын баптап, саудаға шығарады. Жуырда мемлекеттен жеңілдетілген несие рәсімдеп, өндіріс үшін су жаңа инкубаторлар алған.

Алла Тулетаева – кәсіпкер:

– Кәсіп ашқанымызға 6 жыл болды. Өзім 35 жыл бойы құс өсірумен айналысамын. Ермегімді табыс көзіне айналдыруды шештім. Ұлым, келінім мен немерелерім мені қолдады. Бизнесіміз ақырындап дамып жатыр.

Дәл осы ауылда қазір өлкенің ең табысты шаруаларының бірі Анатолий Рафальский жұмыс істеуде. Жер алып, дән сіңіріп жатыр. “Советское” ауылы қазір гүлденуде. Аграрий де, мемлекет те қаржы құйып, елді мекенді адам танымастай етіп өзгертуде.

Нұрғали Даниярұлы – Советское ауылының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Инвестор келіп, көзіміз ашылды. Булаеводан біздің ауылға дейін жол салайын деп жатыр, 2-3 көшеге асфальт пен жарық бағаналарын орнатайын деп жатыр. Ауыл көтеріліп жатыр.

Яғни, ауылдардағы тіршілік қаладағымен бірдей болмаса да, жақын болуы шарт дейді Құмар Ақсақалов. Мұндағы ағайынның да шаһардағыдай өмір сүруге құқығы бар. Жалақы да ұдайы өсуі тиіс. Мұны аймақ басшысы диқандармен қырман басындағы кездесуінде айтты. Арнайы кестеде орташа өнімділік пен айлық еңбекақы көрсетілген. Кей шаруашылықтарға тағар мін жоқ, ал кейбірі жұмысшыларына 50 мың теңгеден төлейді екен. Өңір жетекшісі жағдайды түзетуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ең төменгі орташа айлық жалақы – 42500, ал сіздер 50 мың төлейсіздер. Сұмдық қой. Бұл аграрий жұмысына сылбыр қарайды, жерін сеніп тапсырып отырған ауылдықтардың жағдайын ойламайды деген сөз. Қандай құнарлы жеріміз бар, соны жөнді пайдалана алмай отырмыз. Одан қалды, өз қалталарыңызды ғана ойлауды қою керек. Біздегі басым сала – ауыл шаруашылығы, сәйкесінше қызметкерлердің де табысы жоғары болуы – міндет.

 

Саят Ермек