Халық тарих толқынында

Сталиндік террордан 8 мыңға жуық жерлесіміз зардап шекті

Тағдыры бір түн ішінде шешілген 8 мыңға жуық солтүстікқазақстандық. Сталиндік террор кезінде репрессияға ұшыраған жерлестеріміздің есімі  Н. Погодин атындағы орыс драма театры жанындағы тақтада жазылған. 20-шы ғасырдың 37-ші жылдары дәл сол арада ақ түрме болған екен. “Қара қарға” көлігімен келіп, НКВД адамдары алып кеткен азаматтардың өміріне төрелік сонда жасалды. 1 жарым мыңы ату жазасына кесілді. Қалғандары концлагерь азабын тартты.

Шет тілін білесің бе, американдық пен французбен таныстығың бар ма – тыңшысың! Болыс болып, біреуге жақпай қалдың ба – халық жауысың! Ашаршылықтан сақтанамын деп, қыста бидай тердің бе – Отан сатқынысың! Тоталитарлық жүйенің логикасы осындай болды. Айып шындыққа жанаса ма, жанаспай ма, дәлел бар ма, жоқ па ешкімнің онда шаруасы жоқ. НКВД-ға біреу көрсетіп жіберсе болды, 25 жылға дейін концлагерь немесе өлім. Жаза – осы.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Ақ түрмеге жеткізілгендердің дені айыпсыз болды. Бірақ, тағылған жалған кінәні мойындауларына тура келді. Басқа амал жоқ. НКВД адамдары алдымен психикаға әсер етеді. Ұрып-соғады, отбасыны айтып, қорқытады. Көнбеді ме, көндіруші үшін жантүршіктірерлік әрекеттер жасаған. Адам талып қалғанша тепкілеген, ине қолданған, шыбықпен сабаған. Мұндай тергеу бірнеше аптаға, тіпті бір айға дейін созылған. Азаптан аман қалса, үкім шығарылды.

Айыпты соңына дейін мойындамағандар да бар, әрине. Бірақ, барлығының түбі бір болды. Солтүстікқазақстандық Әби Есекин 1941-де 8 жылға сотталған. Оның 5-уі – хат алмасу құқығынсыз. Яғни, ату жазасы. Иә, өлімді НКВД бұрын дәл осылайша шифрлаған. Бұны репрессия құрбанының немересі Екпін Әбиев жуырда анықтапты. Атасының құжаттары қазір жергілікті полиция департаментінің архивінде сақтаулы. Тағылған айып, үкім, өлім алдында жазған хаты да осында. Әби Есекин көзі ашық, сауаты бар, мұғалім болған. Соғыс басталғанда Қорғаныс министрлігі оны броньмен балаларды оқытсын деп алып қалыпты. Түске дейін ағартушылық іспен, түстен кейін алқаптағы шаруамен айналысқан. Бар бәле де сол егін науқаны кезінде басталды.

Екпін Әбиев – қуғын-сүргін құрбаны Әби Есекиннің немересі:

– Қырманда жүргенде үш әйел жұмысқа кешігіп келген ғой. Сонда атам: «Құрдастар, жұмысқа кешікпейік. Әйтпесе, жауынгерлеріміз киімсіз, тамақсыз қалады. Бұлай немістерден жеңіліп қалуымыз мүмкін» деп айтқан екен.

Иық тірестіріп, бір мақсат пен бір мүддені – ортақ жеңісті қалаған адамдар ғой. Майдан үшін, Жеңіс үшін деп ұрандатса да, қасындағы 3 әйел Әби Есекинге қастандық, сатқындық жасаған. Ауылдастары азаматтың айтқанын 180 градусқа бұрып жіберген.

– Колхозшылардың арасында Кеңес үкіметі мен партияның атқарып жатқан жұмыстарына кедергі келтіру мақсатында, антикеңестік үгіттеу жүргізіп, колхоз жұмысына шықпауға шақырып, жеңіліс туралы провокациялық қауесет таратқаны үшін Есекин Әби айыпты деп танылады.

Істің анық-қанығын ешкім тексермеді. Репрессиялау керек пе, репрессиялайды. Бүтін бір жанұяға дейін. Әби Есекиннің жары балаларын қуғыннан аман алып қалу үшін сол кезде Ресейге қашыпты.

Екпін Әбиев – қуғын-сүргін құрбаны Әби Есекиннің немересі:

– Атамыздың 3 ұрпағы болды. Апамның аяғы Аманкелдіге ауыр болды. Оны атамыз Әби аман келсін деп әдейін қойған ғой. Атам сотталғанда, ол 3 баланы алып, Ресейге қашқан. Отанға тек 54-55-ші жылдары қайтып келді

Қуғын-сүргіннен құтыла алмай, Карлаг, Гулаг пен Алжирде көз жұмғандары, концлагерьдің азабын тартқандары қаншама…Неліктен, не үшін – түсініксіз. Халықты жұмылдырып, көзін ашып, мемлекет құрғысы келген Алашордалықтардан билік қорықты. Елінің келешегін ойлаған ерлерді ату жазасына кесті. Қарапайым жұмысшыларды да осындай тағдыр күтіп тұрды.

Мереке Баймұқанов – СҚ мемлекеттік архиві директорының орынбасары:

– Кеңес үкіметі жоспар берді. Облыс бойынша, аудан бойынша. Жоспарға іліккендер кетті. Құжаттарды қарап отырсаң, колхозшы, сауаты жоқ. Олардан қандай жау болады? 05-45 Соттағанда, сот болған да жоқ. «Үштік», «пятерка» деген болды. Облыстың бірінші басшысы, прокуроры, НКВД бастығы тізімге қол қойып, соттап жібереді.

Берілген норманы асыра орындасаң – репрессияға ұшырайтын келесі адам сен емессің деп ойлады олар. Осындай кепілдік үшін Үштік пен Бестік қарап қалмады.

– Кеңестік саясатқа қарсы жасалған әрекеттердің негізінде біз бірінші деңгей бойынша 8 мың адамды, екінші деңгей бойынша да 8 мың адамды ату жазасына кесуге рұқсат алдық. Қазір бұл меже толығымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың 10 желтоқсанына дейін кеңестік ұстанымға қарсы шыққандарды түгелдей жазалауымыз керек. Арнайы ұйымдардың арқасында біз тағы 1600 адамның қитұрқы әрекетке баруға дайындалғандарын әшкереледік. Сол себепті, «Халық жауы» атанғандарды қоғамнан толығымен алыстату үшін сізден бірінші деңгей бойынша тағы 600 адамды, екінші деңгей бойынша 1 мың адамды ату жазасына кесу үшін рұқсат сұраймыз. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мирзоян. Кешкі сағат 10, 2-ші желтоқсан, 1937 жыл.

Осылайша, Кеңес үкіметі бойынша Сталиндік қудалауға 3 млн 770 мың адам ұшырады. Олардың 642 мыңы атылды. Бірақ, мыңдаған адамның өлімі Мирзоянды құтқармады. Ол да / 32-33-ші жылдары қазақ жерінде «кіші қазан» төңкерісін жасап, халқымыздың 2 жарым миллионын аштықпен қырған Голощекинмен бірге репрессияға ұшырады. Бірақ, дәл осы кісілер шынымен де кінәлі еді. Олар өзге де билік өкілдерімен жазықсыз адамдардың өмірін Жердегі тозаққа айналдырды.

Эльмира Сәдуақасова