COVID-19: Қазақстан

Санитарлық нормаларды сақтамағандар айыппұл төлейді

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар орындалмаған жағдайда айыппұл салынады. Тәртіп сақшылары мен санитар мамандар қоғамдық көліктер мен тиісті нысандарды 2 апта бойы аралады. Тексерістің нәтижесінде 25 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Қазір 5 іс соттың қарауында жатыр.

Бір айдан астам уақыт бойы тұралап тұрған қоғамдық көліктердің жұмысы жуырда қайта жанданды. Бірақ, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерге қатаң бір талап қойылды. Ол – санитарлық нормаларды ұстану. Алайда, бұл ережелерді құлаққа аспай, орындамайтындары да кездесіп жатыр. Мұны тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары арнайы рейд барысында анықтаған.

Гүлнәр Жақсылықова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– 27 қоғамдық көлік 10 бағыт бойынша тексерістен өтті. Нәтижесінде 6 кәсіпкерлік субъектісінде бұзушылықтар анықталды. Яғни жүргізушілер санитарлық нормаларды сақтамаған. Маска тақпайды, медициналық қолғап кимейді. Кей автобустардың ішінде санитайзер жоқ. Ереже сақталмаған жағдайда 14 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Қоғамдық көліктердегі жағдай түсінікті. Ал дәмханалар, дүкендер, шаштараздар мен халық көп жиналатын өзгеде орындарда ортақ ереже сақталып жатыр ма? Комиссия олардың да қызметіне мониторинг жүргізіпті. Соңғы 2 аптада мамандар 1400 нысанды тексеріп, 25 әкімшілік хаттама толтырған.

Наталья Беляева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Санитарлық нормаларды орындамауға қатысты 5 материал сотқа жіберілді. Қарастырылып отырған айыппұл сомасы үлкен. Бизнес субъектісінің түріне байланысты 100, 200 немесе 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Естеріңізге сала кетейік, айтылған ескертулер ескерілмеген жағдайда сол нысан қайта жабылады.

Дана Ешкенова