Көлік және жолдар

Биыл Аққайың ауданында жол жөндеуге 302 млн теңге бөлінді

Биыл облыс бойынша 800 км-ге жуық жол қалыпқа келтіріледі. Бұл мақсатқа облыстық және республикалық бюджеттерден 39 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 302 млн-ы Аққайың ауданына жұмсалады. Үстіміздегі жылы мұнда барлығы 18 шақырым жол жөндеу көрмек.

Аққайың ауданында жол мәселесі өзекті. Жыл сайын мұнда жолды қалыпқа келтіру үшін қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ, түйіткіл әлі күнге дейін шешімін табар емес. Мәселен, Смирново ауылының жүргізушілері шұрық-тесік жолдардан мезі болдық деп шағымдануда.

–  Қай көшеге барсаңыз да тегіс емес. Жол жиегімен жүруге тура келеді. Көліктің дөңгелектерінен түк қалмайды.

– Жылда жөндеп жатады. Бірақ, жөнделген жол бір жылға да шыдамайды. Мәселен, М.Жұмабаев, Тайынша, Мамлют аудандарында жолдар біздікіне қарағанда әлдеқайда жақсы.

Жүргізушілердің өкпе-назын түсінуге болады. Бірақ, бұл мәселе бір күннің ішінде шешіле қоймайтыны белгілі. Дегенмен, биыл біраз шаруаның басы қайырылмақ. Нақтырақ айтар болсақ, Смирново ауылында биыл 17 көшені қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Яғни 10-ынан – орташа, ал 7-уіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Соның ішінде Пушкин көшесі де бар. 500 метрлік аумаққа қиыршық тас төсеу “Новинтех” серіктестігіне сеніп тапсырылған.

Виген Маргарьян – “Новинтех” ЖШС өкілі:

– Бұл көшеге 6 жарым млн теңге бөлінді. Ең алдымен біз жерді тегістеп алдық. Кейін қиыршық таспен жауып, грейдерлеу жүргіздік. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жабындының қалыңдығы 20 см болуы тиіс. Бірақ, кейбір жерлерге одан да көп төселді. Себебі, бұл көшеде шұңқыр көп. Жалпы, 700 тоннадан астам қиыршық тас қолданылды.

Жөндеу жүргізіліп, қолданысқа тапсырылған нысанға қатысты бір жылға кепілді мерзім беріледі. Егер осы аралықта жол бұзылатын болса, компания өз есебінен қалыпқа келтіреді. Мамандардың айтуынша жабындының жағдайына ауыр жүк көліктері әсер ететін көрінеді.
Жалпы, үстіміздегі жылы Аққайың ауданында 18 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа 302 млн теңге қаржы бөлінген.

Руслан Сәдуақасов – Аққайың аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Биыл біздің ауданға жол жөндеу үшін 302 млн теңге бөлініп отыр. Оның 178 млн-ы – “Жол картасы” бойынша. Ал 124 млн облыс және аудан бюджетінен бөлінді. Жұмыстар маусымның 1-і басталады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, былтыр Аққайың ауданында 109 млн теңгеге 5 шақырым жол жөнделген.

Дана  Ешкенова