Көлік және жолдар

Бас партияның мониторингілік тобы тексерісті жалғастыруда

Ақша бөлінді, жұмыс атқарылды, барлығы талапқа сай. Осындай сөздерді жиі естиміз. Бірақ, бір-екі жыл өткен соң, мінсіз жасалған істің былығы шығып жатады. Сол себепті, қатаң бақылау керек. Шаруа басталып, аяқталғанда ғана емес, апта сайын. Нұротандықтардың құрылыс учаскелерін аралап жүргендері де сондықтан. Мониторингілік топ өкілдері осы жолы Бескөлде салынып жатқан 22 шақырым жол мен шаһардағы Крепостная көшесінің жаңа бөлігіндегі жұмысты тексерді.

Бескөлде асфаль соңғы рет 2008-де орталық Гагарин көшесіне төселіпті. Жағдайы әлі де жаман емес. Қалған жолдардың халі қанағаттанарлық деп айтуға ауыз бармайды. Олар сонау 90-шы жылдардан бері жөндеу көрмеген. Қалаға тиіп тұрған елді мекендегі ахуалды түзету үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында 711 млн теңге бөлініпті. Қаражатқа 22 шақырым жолды қалыпқа келтіру және жаңадан асфальт төсеу қарастырылған.

Ербол Багенов – Бескөл ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Ауылдағы ақсақалдармен ақылдасып, қай жолдардың салынатынын талқыладық. Ең бірінші кезекте асфальт әлеуметтік маңызы бар аймақтар орналасқан көшелерге төселеді. 101 автобустың жүретін маршрутты да қамтыдық. Оңтүстік-Шығыс аймақтағы жаңа мектепке апаратын жол да салынады.

Ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Яғни, асфальттың қалыңдығы 10 см-ді құрайды. Мердігерлер іске бір ай бұрын кірісіп, шамамен 30 пайызын тәмамдапты. Қазір техникалық қадағалау органының мамандары сапасын тексеруде. Екі учаскеден алған сынамаға қатысты сын жоқ дейді олар. Нұротандықтар да бұған көз жеткізбек ниетте. Асфальтты бірнеше рет шолып, жауапты компанияға сұрақтарын жаудыртты. Жалғыз мін – жолдың тегіс емес, толқындығында.

Алан Жуков – «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы мониторингілік тобының мүшесі:

– Жолдар – толқын-толқын. Бұл көлікпен жүргенде сезіледі. Мердігерлер сұрап едім, оны тексеретін геодезистер керек дейді. Бірақ, жобада мамандардың жұмысы қарастырылмаған. Менің ойымша, жолды істеуге кірістік пе, шығындалсақ та, бірден бүге-шүгесіне де дұрыс жасау керек.

Мердігерлердің бұған да жауабы дайын. Геодезистер орташа жөндеу жұмыстарына араласпайды. Яғни, олар үшін қаражат бөлінбейді. Сондықтан, толқын-толқын жолдарды қанағат етуге тура келетін көрінеді. Ал облыс орталығындағы Крепостная көшесінде асфальт тақтайдай тегіс болады. Мердігерлер мен қалалық әкімдік нұротандықтарды осылай деп сендірді. Су ағатын канализация болмаса, бұл асфальтты қайтейік. Ертең жауған жаңбыр  жолда тұрып, оны бұзбай ма? Жергілікті атқарушы билік өкілдері ескереміз дейді. Бірақ, жобаға өзгеріс енгізуді тездеткен жөн. Асфальт салу шаруасы жуырда басталып кетті ғой.

Эльдар Кокабай – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобль жолдары бөлімінің маманы:

–  Крепостная көшесінің Жабаев пен Әуезов көшелеріне дейінгі бөлігіне асфальт төселеді. Бұл – 900 метрлік ара қашықтық. Тротуар мен көшеттер де қарастырылған. Велосипед жолағы да жобада бар. Бірақ, қазір оны біз су ағатын канализациямен алмастыруды ойлап отырмыз. Сұрақтың дұрыс шешімін табу үшін уақыт қажет. Мұнда жылу және су құбырлары өтеді. Барлығын қарастыру керек.

Нұротандықтар учаскедегі жұмысты көзден таса қылмаймыз дейді. 900 метрдегі шаруаға облыстық бюджеттен қолақпандай 285 млн теңге бөлінген.

Эльмира Садвокасова