Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақжар ауданында ашық әкімдік жұмысын бастады

Тұрғындар толғандырған мәселелерін жергілікті атқарушы орган өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Бүгін Ақжар ауданының орталығы Талшықта ашық әкімдік ашылды. Бұл – облысымыздағы «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында жұмысын бастаған 9-шы сервистік орталық.

Фронт-офистің жұмысымен облыс басшысының орынбасары Ғани Нығметов танысты. Меймандар жұмыс сапарын алдымен Ақжарқын ауылдық округінен бастады. Биыл мұнда ауылішілік жолдарды жөндеу үшін 45 жарым млн теңге бөлінген екен. Қазіргі күні істің 95 пайызы тындырылыпты. Сонымен қатар, селолық округтегі мәдениет үйін қалыпқа келтіруге 19 млн теңгеден астам қаржы бағытталып отыр. Нысанның ішінде фитнес залы ашылып, теннис үстелі қойылады, шашки, шахмат үйірмелері құрылады. Жалпы айтатын болсақ, аталған орында қарттар мен жастар үшін де бос уақытты тиімді өткізуге жағдай жасалып жатыр.

Ақжар ауданының тұрғындары толғандырған мәселелерін жергілікті атқарушы билік өкілдеріне тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Бүгін аудан орталығы Талшықта ашық әкімдік жұмысын бастады. Мұнда 7 бөлімнің мамандары 107 мемлекеттік қызмет түрін көрсететін болады. Олар: білім беру, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту мен неке тіркеу.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

Бұрын мына жерде бухгалтерия мен күту залы болған. Біз оларды басқа бөлмеге көшірдік.

Сондай-ақ, мұнда өз-өзіне қызмет көрсету секторы мен азаматтарды қабылдау орны да бар. Ашық әкімдіктегі мамандар тұрғындармен күнделікті жүздесіп, бұйымтайларын тыңдайды, мәселені шешу жолдарын қарастырады.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары: 

Бұл 9-шы ашық әкімдік. Қызметкерлер ашық түрде 7 сала бойынша кез-келген Ақжар ауданының тұрғынына қызмет атқаратын болады.

Жыл соңына дейін қалған тағы 5 аудандағы әкімдіктердің қызметі «open space» форматына көшіріледі. Олар: Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Есіл, Тайынша және Жамбыл аудандары.

Бердимурат Баймухан