Құқық қорғау органдары

Жазасын шартты түрде өтеп жүрген көпбалалы жандарға көмек көрсетілді

Қалалық пробация қызметінің өкілдері мен еріктілер  жазасын шартты түрде өтеп жүрген жандардың балаларына материалдық көмек көрсетті.Игі шара Халықаралық  балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Дәстүрлі акция барысында мамандар 3 отбасыға барып қайтты.

Ойыншық, кеңсе тауарлары мен киім-кешек. Осындай көмекпен бүгін пробация қызметінің мамандары Валентина ФедОровичтің отбасына келді. Нәзікжанды 2 жыл бұрын шалыс қадам жасап, темір торға тоғытылыпты. Бірақ, кенже ұлы дүниеге келген соң сот Валентинаның жазасын шартты түрге алмастырған. Бүгінде азаматша жұбайымен бірге 5 бала тәрбиелеп отыр. Екі үлкен ұлы кәмелеттік жастан асқан, ал кішілері әлі мектеп табалдырығын аттамаған.

Валентина Федорович:

– Кезінде жасаған ісім үшін қатты өкінемін. Қазіргі уақытта заңның ала жібін аттамай, барлық талаптарды қатаң сақтап жүрмін. Бүгінгі көмек үшін ризашылығымды білдіремін. Мамандар әрдайым қолынан келгенше жәрдемдесіп тұрады.

Жалпы, мұндай акция балаларды қорғау күні қарсаңында жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Пробация қызметінің мамандары есепте тұрған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жәрдемдеседі.

Дина Токбаева – Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімінің инспекторы:

– Бүгін акцияның алғашқы күні. Қазір тағы 3 отбасыға барамыз. Шара 1 маусымға дейін жалғасады.

Негізі, өңірде кезінде заңға қайшы әрекет жасап, қазір жазасын шартты түрде өтеп жүргендердің саны мыңнан асады. Тең жартысы облыс орталығында тұрады.

Актолкын Солтанханкызы