Білім

Уәлиханов ауданында 4 мектеп жөнделуде

Уәлиханов ауданында 12 білім ошағы күрделі жөндеуді талап етеді. Биыл 4-уінде қалыпқа келтіру жұмыстары басталып кеткен. Еден, терезе, есік пен шатырын ауыстырып, қасбетін заман талабына сай бояу үшін облыстық бюджеттен 284 млн теңге бөлініпті. Мектептердің бірінде жүргізіліп жатқан шаруамен біздің түсірілім тобы танысып қайтты.

Телжан ауылында көптен күткен ұлы той. Аудан орталығымен байланыстыратын жол салынып жатыр, ал енді мектепті қалыпқа келтіру жұмыстары басталуда. Білім ошағы былтыр 50 жылдық мерейтойын тойлаған. Бірақ, осы жарты ғасырдың ішінде нысанда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеді. Салдарын мұғалімдер мен оқушылар молынан тартқан көрінеді.

Жақсылық Мұратов – Телжан ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Осы мектепті екі балам бітіріп шықты. Қазір кіші ұлым – шағын орталығында. Шыны керек, мектеп суық болатын. Қалың киіндіріп жіберетінбіз. Енді жақсы болатын шығар.

Қалың күрте мен шалбар, теріден тігілген етік. Жылы киімдер мектеп формасына айналғалы қай заман. Қабат-қабат киінуді оқушылар ұмытулары тиіс. Бұл – ата-аналардың тілегі ғана емес, өңір басшысының пәрмені. Телжан орта мектебінде есік пен терезелерді толық ауыстыру қажет. Себебі, ескі, желден қорғамайды. Шатыр да сол баяғы. Жаңбыр жауса, үшінші қабатқа су ағады. Ал қатты жел болса, дауыл тұрса, тіпті шифер ұшады. Қасбеті де заман талабына сай емес.

Жанар Тілеуқабылова – Телжан орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:

– Біздің мектеп аралас. Қазақ және орыс тілді сыныптар бар. Барлығы 86 оқушы білім алады. Жақын маңдағы ауылдардан ұл-қыздар келіп оқиды. Нысанда интернат орналасқан. Одан бөлек, шағын орталық және мектепалды сынып бар. Осыған дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, нысан қажет ететін шаруа көп. 150 терезені, 170 есікті және шатырды ауыстыру қажет.

Ұстаздар ұжымы мен оқушылардың тілегі орындалады. Жаңа оқу жылында олар жылы мектепке оралады. Телжандықтардың арманын орындауға қазынадан 54 млн теңге бөлініпті. Күрделі жөндеу жұмыстары Уәлиханов ауданы бойынша тағы 3 білім ошағында жүргізіледі. Аталған мақсатқа 230 млн теңге бағытталған.

Айтқазы Әубәкіров – Уәлиханов аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Жөндеу жұмыстарынан басқа материалдық-техникалық базаны нығайтуға көңіл бөлінуде. 15 млн теңге бейнебақылау орнатуға бөлінді. Оқушыларды тасымалдауға 3 газель аламыз. Жиһаз алуға 30 млн теңгедей бөлінді.

Аудандағы күрделі жөндеу жұмыстары мұнымен бітпейді. Тағы 8 мектеп нысаны еден, шатыр, есік пен терезелерін ауыстыруды қажет етеді.

Эльмира Садвокасова