МТРА жаңалықтары

Орман алқаптарында минералды жолақтар жыртылуда

Апаттың алдын алып, ағаштарды өрттен сақтау қажет. Қазіргі күні жергілікті орман алқаптарында минералды жолақ жырту жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Айыртау ауданындағы Орлиногор орман шаруашылығында күзет күшейтілген. Мамандар Бүркітті деп аталатын таудың басында тұрып, 37 мың гектар алқапты тәулік бойы қадағалайды.

Орлиногор орман шаруашылығы 4 ауданға тиесілі аумақта орналасқан. Яғни, Айыртау, Тайынша, Ақжар мен Уәлиханов аудандары. Оның жалпы көлемі 37 мың 273 гектарды құрайды. 24 мыңнан астамы – орманды алқаптар. Көктемнен күзге дейін мұндағы күзет күшейтіледі. Себебі, жаздың аптабында орман өртінің қаупі артады. Оған қоса табиғат аясында демалушылардың қатары да көбейеді. Күзетшілермен тілдесу үшін Бүркітті деп аталатын мына таудың басына көтерілдік. Оның биіктігі 372 метрді құрайды. Әйтсе де төбеге шығу біраз уақыт алады екен. Ара-арасында, тіпті, отырып демалуға тура келді.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Біздің көтеріліп келе жатқанымызға шамамен жарты сағаттай уақыт болды. Бірақ, таудың шыңына әлі жеткен жоқпыз. Ал күзетшілер бұл шыңды 15-20 минуттың ішінде бағындырады екен.

Біз айтқан шың, міне – мынау. Аталған нүктеде күзету қосыны орналасқан. Дәл осы орыннан 37 мың гектар жер алақандағыдай болып көрінеді.

Айқын Рақымжанов 59 жаста. Орман тыныштығын күзетіп жүргеніне биыл 3 жыл. Ағамыз зейнет жасына таяса да, ширақтығы жастардан кем емес.

Айқын Рақымжанов – «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ күзетшісі:

– Біз 2 тәулікте бір көтерілеміз. Үйреніп алғаннан кейін аса қиын емес. Басында жарты сағат болса, қазір 20 минутта көтерілеміз. Сосын, таудың бір шетінен толық аумақты бақылап үлгермейміз. Сол себепті, бір орында отырмай екі жаққа да жүріп отырамыз. Оған 10-15 минут уақыт кетеді. Сол уақытта бүкіл территорияны қамтып отырамыз.

Қосында 3 күзетші қызмет етеді. Мамандар осылайша дүрбімен барлық аумақты жарты сағат сайын бақылап отырады. Түтін шыққан бетте лезде өрт сөндірушілерге хабар береді. Биыл Айыртау ауданында 4 рет орман өрті болды. Алайда, қырағы күзетшілердің арқасында от лезде өшіріліп, ағаштар апаттан аман қалды.

Егер де қызыл жалын бас көтеріп, үлкен көлемді шарпымасын десек, алдын алу шараларын да ұмытпаған жөн. Сол себепті, қазір мұнда өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мамандар осылайша ені 4 метр, ұзындығы 520 км болатын жолақ жасайды. Бұл көктемге ғана. Шаруа жаз бен күз уақыттарында тағы қайталанад. Сондай-ақ, шаруашылықтың өзінде де өрт сөндіру техникалары бар. Мамандар бұл машиналармен орманнан бөлек, ауылдағы үйлерді де қызыл жалыннан құтқаруға шығады екен.

Теміржан Сәкенов, «Орлиногор орман шаруашылығы» КММ директоры:

– Мамандар жазғы маусымда жергілікті тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өрт қауіпсіздігі жайлы нұсқаулықтар таратамыз. Сондай-ақ, әр аудандағы елді мекендерде еріктілер жасағы бар. Олар хабар жеткен бетте жедел әрекет етіп, тілсіз жауды ауыздықтауға қатысады.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысындағы орман алқаптарында биыл 36 мың 307 шақырым жерге жолақ жырту жұмыстары жүргізіледі.  

Бердимурат Баймухан