Бизнес және экономика

Қолма-қол ақша ма әлде карточка ма

Өлкенің бас банкирінің сөзінше Солтүстік Қазақстан облысында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесі қарқынды өсіп келеді. Жыл басынан бері карточка арқылы жасалған транзакциялардың саны 66 пайызға артқан. Алайда, қағаз бен күмістің орнына пластикті қабылдауға көшуге, әсіресе, кішігірім дүкендер құлықсыз.

Сіз қалай есеп айырысасыз? Қолма-қол ақшамен бе, әлде карточкамен бе? Сауалды Петропавлдың бас көшесін аралай жүріп, жұртшылыққа қойдық.

– Қолма-қол ақшамен төлем жасаймын. Өйткені маған солай ыңғайлы және үйреншікті. 

-Маған қолма-қол төлеген ыңғайлы.

– Қазір коронавирус болғасын картамен төлем жасаймын. Ақшаның бәрі шотта жатыр. Өзіммен бірге қолма-қол ақша ұстамаймын.

Әзіл-әзілмен, ал пікір әр алуан, әркім ыңғайына қарай есептеседі. Бірақ, статистика ақшаны заманауи тәсілмен жұмсайтындар үлесінің көбірек екенін көрсетіп отыр. Қаңтар мен сәуір аралығында солтүстікқазақстандықтар банк карталары арқылы 175 млн теңгенің төлемін жасаған. Өсім бақандай 66 процент. 1 жыл ішінде POS-терминалдардың жалпы саны өлкеде шамамен 900-ге артып, 4 мыңға жуықтаған.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Осы кезеңнің былтырғы көрсеткіштерімен салыстырған кезде төлемдер саны 4,4 есе өсті. Ал көлемі 5 есе өскен.

Ыңғайлы, тез, ал коронавирусты купюралар мен монеталардан да жұқтыруға болатынын ескерсек, әрі қауіпсіз. Қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың танымалдылығы бізде артып келеді. Мұндай есеп айырысудың экономикадағы қазіргі үлесі 50 пайызға жақындап қалған. Тек өсімді өңірдің бас банкирі карантинмен байланыстырмайды. Иә, ТЖ кезінде онлайн сатып алулардың саны артты, бірақ карточкалық төлемдердікі тоқтап қалған.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Заттарды жеткізу барысында көбінесе қолма-қол ақшаны қабылдаумен байланысты деп санаймыз. Сондықтан, өсу қарқыны төмендеді.

Саят Ермек – тілші:

– Ірі супермаркеттер, сауда үйлері, дәмхана-мейрамханалар мен дүкендердің көбісінде карточкамен есеп айырысуға болады. Бірақ, парадокс. Қалтада әрдайым сәл-пәл қолма-қол ақшаның болғаны да абзал. Өйткені, мәселен үйдің жанындағы дүкенге нан мен сүт алмаққа карточкамен барсаңыз мен сияқты құр қол қайтуыңыз мүмкін. Өйткені, мұндай кішігірім сауда орындарының бәрінде болмаса да көбісінде POS-терминал әлі де жоқ.

Неге? Саудагерлердің бұл тұрғыда айтар өз уәжі бар. Көбі POS-терминалды алу қымбат, шағын ғана бизнесімнің қалтасы мұны көтермейді дейді. Ал кейбірі осылайша алым-салықтан жалтарады. Қанша дегенмен, терминалдар әрбір сауда және қызмет көрсету орнында болуы тиіс. Өйткені, азаматтардың қолма-қол ақша не карточкамен қалауы бойынша есеп айырысуға заңды құқығы бар.

Саят Ермек