МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент бұқара үшін ашық

Екеудің жұмысын істеп, бір маманның жалақысын алып жүрмін. Жергілікті құқық қорғау органының қызметкері облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментке осындай арызбен жүгінген. Одан қалды шенділердің сылбыр жұмысына да шағым түсірушілер бар. Ведомство мамандары оларды шама-шарқынша шешуге тырысамыз, халық үшін ашықпыз дейді. Тіпті, айына бірнеше рет азаматтық қабылдау өткізеді.

Кабинетте жалғыз. Елена Степаненко ханымның қоғамдық қабылдаулары қазір осылай өтеді. Карантин талабы. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы бұқара мен сол мемлекеттік қызметшілердің сауалдарына “ZOOM” кеңістігінде жауап беріп жатыр. Айына кемінде бір рет ведосмтво жұртшылықпен осылай байланысқа шығады.

Қайрат Садықов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің баспасөз хатшысы: 

– 4 онлайн қабылдау ұйымдастырылып, 6 адам өтініштерін білдірді. Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады, қандай құжаттар тапсыру керек және тестті қалай өтуге болатыны туралы сұрақтарға жауап береміз.

 

Базына да аз емес. Жыл басынан бері 40-қа тарта шағым түскен. Бірі мемлекеттік қызметші дөрекілік танытты, енді бірі жауапты орган жазған арызыма жауап бермей жатыр деп шағынған. Бұқарамен кері байланысқа шығуға құлықсыздардың тізімін ТҮКШ мен құрлыс бөлімінің шенеуніктері бастап тұр. Халықтан бөлек, халық игілігі үшін еңбек етіп жүргендер де “құқығым тапталды” деп жиі жүгінетін көрінеді. Мәселен, әділет департаментінің бір маманы екі бірдей лауазымның міндетін атқарып жүрген. Бірақ, екіншісі үшін қосымша ақша оған төленбей келсе керек. Яғни, тегін жұмыс күші. Шағым түскеннен кейін мәселе лезде шешілді.

Бақыт Жанбулов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

-Егер түскен арызды біржақты ету біздің өкілеттігімізге кірмесе, онда жауапты органдарға жөнелтеміз. Олар жауаптыларды жазалап, жағдайды түзетуі тиіс. Мемлекеттік қызметшілер міндеттерін сылбыр атқарса, дөрекі болса, тәртіп бұзса бұл сала мамандарына деген халықтың сенімін жоғалтады. Бұған жол бермес үшін мықты бақылау керек.

Құқығы тапталғандар болса мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментпен байланысқа шығып, базынасын жасырын түрде жеткізе алады. Ол үшін ведомствоның әлеуметтік желілердегі парақшаларына жазу керек. 

Саят Ермек