Аптадағы маңызды жаңалықтар

Санитарлық талаптар сақталмаған нысандар жабылуы мүмкін

Теріскейде тағы covId-19 тіркелді. Бұл жолы 3-еу. Үшеуі де “Қарақоға” шекара бекетінде анықталды. Бойында індет барын білмеген науқастар Омбы қаласынан келе жатқан. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарына арнап мәлімдеме жасады. Аймақ басшысы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындаудың маңызын түсіндірді.

Қанша дегенмен өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деуге болады. Сол себепті, карантин талаптары да біртіндеп жеңілдетілуде. Облыста короновирусты бүгінге дейін 49 адам жұқтырған. Оның 33-ші дерттен құлантаза айығып шығыпты. Соңғы жағдайлар сырттан келгендерден анықталған. Айта кететін жайт, теріскей өңірі – ел бойынша covid-19 ең аз тіркелген аймақ. Бұл қатаң карантин режимінің нәтижесі деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз карантин талаптарын біртіндеп жұмсартып келеміз. Облыстың өмірі бұрынғы қалпына келді. Негізгі кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысын тоқтатқан емес. Карантин кезінде 79 мың адам жұмысқа шықты.

Иә, көптеген мекемелердің жұмысы қайта жанданды. Бірақ, барлығына бірдей талап қойылып отыр. Ол – санитарлық нормаларды қатаң түрде ұстану. Ортақ ереже сақталып жатыр ма? Мәселен, соңғы 2 аптада мамандар 2 мыңнан астам нысанды тексерген. Нәтижесінде 200-ден астам кемшілік анықталыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кейбір дәмханалар, дүкендер мен шаштараздар талапты орындамай отыр. Барлығында да заңбұзушылықтар ұқсас. Қызметкерлер мен келушілер маска тақпайды. Сатушылар медициналық қолғап кимейді, арнайы белгілер жасалмаған. Егер де бұл кемшіліктер түзелмесе, соттың шешімімен нысандар карантин біткенше дейін жабылады.

Бұл талаптар мердігерлерге де қатысты. Себебі, аймақта құрылыс және жөндеу жұмыстары қызу жүруде. Яғни көптеген жұмысшы тартылып жатыр деген сөз. Жұмыс күші өзге өңірлерден де келеді. Сондықтан, кәсіпорын басшылығы қол астындағы адамдардың қауіпсіздігін алдыңғы қатарға қоюы тиіс. Бұл ретте жіті бақылау жүргізілмек.

 

 

 

Ешкенова Дана