МТРА жаңалықтары

Сұлулық салондарында санитарлық талаптар сақтала ма?

Киім-кешек дүкендері, шаштараз және гүл сататын орындар. Бұл субъектілердің жұмысы еліміздің барлық өңірлерінде мамыр айының басында жанданды. Қазіргі уақытта аталған нысандарда санитарлық талаптардың сақталуы жіті тексеріліп жатыр.

Іште жүрген де, сырттан келген де – бәрі бетпердемен жүру керек. Мамандардың қолдарында – қолғап және антисептик. Кіреберістегі үстелдің үстінде де сепкіш құрал тұр. Отырған клиенттердің арасы 1 жарым метрден кем болмауы тиіс. Ал ең бастысы, шашын қиғысы келген адам шаштаразға келмес бұрын телефон тұтқасын көтеріп, нөмірді теріп, шаштараздың өзімен белгілі бір уақытқа келісуі керек.

Қасым Амангелді – барбер:

– Қазір барлығын тек бетпердемен қабылдап жатырмыз. Бұрын күніне 40 шақты адам қабылдасақ, бүгін олардың санын 3 есе азайтып отырмыз.

Мамандардың айтуынша әр адамның шашын қиюға орта есеппен 30 минут уақыт кетеді екен. Әр клиенттен кейін қолданыста болған қайшы мен тарақ спиртпен немесе отпен залалсыздандырылады. Тек шаш қию қызметін көрсетуге ғана мамырдың 4-інде рұқсат етілсе, тырнақты әрлеу жұмыстарына 11-інен бастау беріліпті. Бұндай қызмет көрсететін нысандарда да талаптар жіті сақталуы керек.

Татьяна Гудзенко, сұлулық салонының қызметкері:

– Жұмысқа кіріспес бұрын салонды толықтай залалсыздандырдық. Бүгінде келушілерді барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра қабылдап жатырмыз. Дегенмен, бетпердесіз жүргендер де жолығады. Мұндай жағдайда оған масканы өзіміз ұсынамыз.

Қағида орындалмаған жағдайда алдымен нысанға ауызша ескерту беріледі. Кейін, олқылық қайталанып жаста мекеме басшылығы әкімшілк жауапкершілікке тартылады.

Актолкын Солтанханкызы