МТРА жаңалықтарыБілім

Облыс әкімдігінің отырысы

Балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуде қорқытудың қажеті жоқ. Сынақ алдындағы тым қатаң тексеріс оқушылардың психикасын бұзады. Мұндай ескертуді жауапты тұлғаларға өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов облыс әкімдігінің отырысында жасады. Биыл 11 жылдық білімін дәлелдеп, грантқа үміткер атану үшін 2 жарым мың оқушы емтихан тапсырмақ. Тестілеуді өткізу үрдісі пандемияға байланысты өзгешелеу болады.

Биылғы түлектер соңғы қоңырау үнін онлайн түрде естіді, ал мектеппен қоштасу кешін бұрынғыдай мейрамханада атап өте алмайды. Ұл-қыздар үшін маңызды екі кеш біріктіріліп, маусымның 3-4-і өткізіледі. Ашық аспан астында тек ата-аналар қауымының қатысуымен. Өзге туған-туысты, жолдастарды шақыруға болмайды. Есесіне, білім ошағынан аттестат алып, «Алтын белгілерін» растау үшін бойжеткендер мен бозбалалар емтихан тапсырмайды. Жалғыз сынақ – ҰБТ. Ол өңірде келесі айдың 20-шы жұлдызында бастау алады.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2019 жылдан бері ҰБТ өткізуге байланысты өзгерістер енгізілді. Тестілеу жылына 4 рет өткізіледі. Егер ақылы оқуға түсем дегендер болса, маусымға дейін сынақты тапсыра алады. Биыл наурыздағы емтихан да келесі айдың екінші онкүндігіне көшірілді.

Әдетте оқушыларды сынаққа кіргізбес бұрын олар жіті тексерістен өтеді. Металл іздейтін құрылғылармен телефонның бар-жоқтығын анықтайды, шпаргалка болса, оны шығаруды талап етеді. Биыл емтиханға кіру үрдісіне одан да көп уақыт кетпек. Түлектер алдымен дезинфекцияға арналған туннельден өтіп, мамандар олардың дене температурасын тексереді. Нормаға сай болса, қолын антисептикпен өңдеп, жаңа респиратор киіп, тәртіп сақшыларының алдына барады. Стресс деп осыны айт.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Университетте емтихан тапсыруға 580 орынға арналған 11 аудиторияны дайындап қойдық. Бірақ, ҰБТ тапсыратын ұл-қыздардың саны екі есеге аз болады. Осылайша, олар 2 метрлік ара қашықтықты сақтап отырмақ. Айта кету керек, биыл тестілеуге тіркелу онлайн түрде жүзеге асырылуда.

11 жылдық білімін дәлелдеу үшін ҰБТ-ға биыл 2500 түлек қатысады. Былтырмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Бұл дегеніміз – қыз-жігіттер қазақстандық университеттерге түсуді жоспарлап отыр. Жастарды Отандарында қалдыру тенденциясы жүзеге асуда. Өткен жылдары сынақтан қорқып, біразы жақын шетел асып кеткен болатын. Сондықтан, балаларды қорқытудың қажеті жоқ дейді өңір жетекшісі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– ҰБТ ұйымдастыруға жауапты тұлғаларға айтарым осы. Әрине, оқушының білім сапасын анықтау үшін олардың шпаргалка, телефонсыз кіргенін қалаймыз. Металліздегішпен де сол үшін тексереміз. Бірақ, шектен шықпаңыздар. Бұл балалардың психикасына қатты әсер етеді.

Амалын тауып, телефонды өткізгеннің өзінде, оны қолдана алмасы хақ. Гаджеттерді бұғаттайтын арнайы 45 құрылғы бар, өйткені. Биыл тағы 17-сі сатып алынбақ. Әрі әрбір аудитория бейнебақылау камераларымен қамтылады. Шпаргалка қолдансаң да ұсталдың дей бер. Қадағалаушы маманның көзіне түспесең де видеоға бірден ілігесің. Бейнежазбалардың барлығы ҰБТ аяқталғаннан кейін тағы бір мәрте тексеріледі. Талапты бұзғандар болса, ұпайлары 0-ге теңестіріледі.

 

 

 

Эльмира Садвокасова