Қоғам

Масаға қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Маса  адамды қылады беймаза. Петропавлдықтар тыныстап жүрген жанның тыныштығын қашыратын жәндіктердің көптігіне шағымдануда.Күн ысыса, кеш қарайса болды көлік шуылымен бірге масаның ызыңы жанымыздан кетпейді. Сәуір айынан бері жүргізіліп жатқан дәрілеу жұмыстарына да бой берер емес. Оған күннің күрт ысуы себеп көрінеді.

Жеңіс саябағы – қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Өйткені, мұнда өзен де жақын, айналадағы көрініс те әдемі. Бір тұсында спортпен шұғылдануға болады. Орындықтарда демалып отырып, табиғатпен сырласатын жер. Алайда, биыл жаз ерте келгендіктен бе масалар да жиілеп кеткен.
Жәндіктердің көптігі соншалық бір орында тұру мүмкін емес деп шағымдануда петропавлдықтар.

– Күнде осында жүгіруге келемін. Масаға таланбау үшін тек таңертең ғана жаттығамын. Ал күн ысыған кезде мұнда жүру мүмкін емес.

– Күнде таңертең осында келемін. Күн ысыған кезде, жел болмағанда маса болады.

Ал қалалық билік өкілдері масаға қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады. Істі “ Северный Кристалл” компаниясының мамандары қолға алған. Сәуір айынының соңынан бері шаһарды зарарсыздандырып жүр. Алайда, жаңбыр да жиілеп кеткендіктен дәрінің күші тез жойылуда. Салдарынан масалар да көбейіп жатыр екен.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Дәрілеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 5 млн теңге бөлінген болатын. Мекеме барлық орталық көшелерді, саябақтар мен орманға жақын жерлерді зарарсыздандырады.

Дәрінің тұрғындар мен жануарлардың денсаулығына зияны жоқ. Сұйықтық тек масаларды ғана емес, кене мен қауіпті жәндіктердің де көзін жояды.

Сөз соңында айта кетейік, жауапты компанияның қызметкерлері күніне шамамен 700 гектар аумақты дезинцекциялауда. Адамның берекесін қашыратын жәндіктерге қарсы дәрілеу жұмыстыры жаздың соңына дейін жалғасады.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек